Қазір балалалар мен жасөспірімдерді суицид жасауға не итермелейді? Оларды не алаңдатады, қиындықты қалай еңсереді? Ата-анасымен не туралы сөйлеседі, нені ашық айта алмайды? ArtKöshe тәуелсіз театры сахналаған Jaqtaudağy Gül спектаклі екі жасөспірімнің оқиғасын баяндай отырып, осы сұрақтарға жауап іздеді. Сценарийге шын адамдардың хикаясын негіз етіп алған. Екі баланың да тағдыры бүгінгі қоғамда әлі шешімін таппаған, назардан тыс қалған жүйелі проблемалармен қабаттасып жатыр.
Спектакль қазақ тілінде жасалып, орыс тілінде субтитрі қоса берілді. Jaqtaudağy Gül USAID-тің қаржылай қолдауымен Internews жүзеге асыратын «Орталық Азияның ақпарат тұтастығын дамытуға ықпал ету (CAIIA)» бағдарламасы аясында грант қолдауын алған. Премьерасы 10 маусымда Алматыда ArtKöshe тәуелсіз театрында өтті. Кемі 8 рет сахналанып, 1000-нан астам адам көрді.
Жоба авторы Әннас Бағдат Jaqtaudağy Gül-дің идеясын бірнеше жылдан бері ойлап, әбден пісіріпті.
— Бес-алты жыл бұрын мектептегі ағайымның 9 сынып оқитын баласы суицид жасағанын естідім. Білгенім — баланың депрессияға түсуіне отбасылық және мектептегі жағдайлар әсер еткен. Бір күні сабақта мұғалімнің қатты ескертуінен кейін бала сыныптан қашып шығып кеткен… Кейін түсінгенім — бұл жасөспірімдер суицидінің “классикалық” себебі сияқты көрінді. Осы жағдай мені ұзақ уақыт мазалап жүрді. Сол бала есіме түскен сайын жаным құлазитын. “Ішіне жиналған дүниесін тыңдайтын ешкім болмады-ау” деп ойлайтынмын… Соңғы жылдары зерттеу статистикаларын көріп, “қолымнан келетін бір нәрсе жасайын” деген шешімге келдім, — деді Ә.Бағдат.
UNICEF дерегінше, елдегі балалардың 66%-ы мектепте зорлық-зомбылық пен дискриминацияға ұшырайды. Мамандар әлімжеттік жасау мен бопсалау балалардың суицидиалды жосығын қалыптастырады деген пікір айтты. ДДСҰ-ның рейтингінде жасөспірімдер арасындағы өз-өзіне қол жұмсау саны жөнінен Қазақстан әлемде 10-орында тұр. Әйткенмен жасөспірімдер суициді тақырыбына әлі де жеткілікті көңіл бөлінбей келеді.
ArtKöshe командасы әуелі тақырыпты зерттеп, балалар мен жасөспірімдер суициді мәселесімен айналысатын мамандарды консультант ретінде шақырған.
— Олармен алғаш сөйлескенде жағдай мен ойлағаннан әлдеқайда күрделі екенін естіп, мұны қабылдай алмай, қиналып қалдым. Мәселенің мен білмейтін нәзік тұстары көп екен. Бұған дейін спектакль туралы ойластырған шешімдерім көп өзгеріске ұшырайтынын сездім. Әрине, тақырып – тым сезімтал, шығармашылықтың әр кезеңінде “шекараның қызыл сызығымен” жүруге тура келді, — деді Ә.Бағдат.
Жоба авторлары дәл осы балалар суициді мәселесінде тараптар бірлесіп шешім шығарудан гөрі жауапкершілікті бір-біріне арта салуға тырысатынын түсініпті.
Сөйтіп, спектаклді балалар мен жасөспірімдерге емес, ересектерге арналған балалар туралы спектакль болады деп шешіпті.
«Балалар мен жасөспірімдер суициді — білім беру мекемелерінің ғана емес, атқарушы биліктің де, педагогтер мен ата-ананың да, бұқаралық ақпарат құралдарының да қатысы бар ортақ мәселе екенін өнер арқылы көрсетуге, жеткізуге ұмтыламыз».
— Иә, жобаның негізгі аудиториясы күнделікті балалармен тығыз жұмыс істейтін ересектер: соның ішінде ата-аналар, мектеп қызметкерлері бар. Мұғалім мен мектеп психологтарын шақыруға қолдау көрсетіп, спектакльдің премьерасы туралы ақпаратты таратып, жобаны ілгерілеткені үшін Алматы қаласының білім басқармасына алғыс айтамыз. Әрине, бұл ортақ проблемамызға барлық тараптың назар аударғаны қажет. Премьерадан кейін қоғамдық талқылау өткізудің маңызды екенін байқадық. “Пікір айтам” дейтін барлық тарапты қуана тыңдап, мәселенің аз болса да шешілгенін қалаймыз әрі қолдаймыз, — деді жоба продюсері Дәурен Бақберген.
ArtKöshe командасы премьерадан кейін мұғалімдер, ата-аналар, психологтар, дағдарыс орталығының мамандары мен зерттеу ұйымдарының өкілдерін шақырып, сараптамалық талқы ұйымдастырды. Жоба авторлары балалар суициді мәселесін әлеуметтік желілердегі парақшаларында да қозғауды жалғастырады.
Сценарийін Мереке Анық жазған. Режиссері — Кубанычбек Адылов, сценографиясын жасаған — Ксения Мукштадт, композиторы — Бексұлтан Бағытжан, продюсері — Дәурен Бақберген мен Әннас Бағдат. Дизайнын — Жанна Кравченко дайындапты. Актерлері: Балнұр Әбдіғалиева, Мадияр Жолдасбек, Асыл Сәрсен мен Мұхтар Қосыбай.
Спектакльден кейін көрермендер ой-пікірін айтты.
— Бұл дүние бүгінгі уақыттың өте өзекті мәселесін көтерген екен. Үлкенге де, кішіге де өте қажет. Қйткені көп ойға жетелейді. Актерлердің ойыны өте табиғи екен. Сондай табиғи, шынайы, пафоссыз ойын. Мен оқушылар ма, студенттер ма десем, кәдімгі кәсіби актерлер екен. Бұл өте қажет спектакль. Көркемдігі де бәрі жақсы, – деді сыншы, мәдениеттанушы Әлия Бөпежанова.
— Спектакльден өте жақсы әсер алдым. Мектепте мұғаліммін. Сабақ беремін. Оқушыларымның ішіндегі күйзелісі мен сырларын білгім келеді. Бүгін ашыла алған сияқтымын, оқушыларыммен ашық сөйлескім келеді, – деді мектеп мұғалімі Бақыт Мамышев.
ArtKöshe театры бұған дейін Internews ұйымының «Орталық Азияның MediaCAMP бағдарламасы» аясында контент өндірісіне грант алып, медиасауат тақырыбында арналған SEN деген мюзикл жасаған. юзикль сәтті шығып, 18 рет сахналанып, көрерменнің алғысына бөленді. Қазақстан ғана емес, Орталық Азия елдерінің көрермендері көріп жақсы бағасын берді.
Бұл спектакль Америка халқының АҚШ Халықаралық даму агенттігі (USAID) арқылы берген көмегінің арқасында мүмкін болды. Оның мазмұнына ArtKöshe ұйымы жауапты және ол USAID-тің, АҚШ Үкіметінің ұстанымын білдірмеуі мүмкін.
USAID — әлемдегі маңдайалды халықаралық даму агенттігі және дамыту саласында нәтижелерге жетудің катализаторы.
Көбірек ақпарат алу үшін агенттіктің сайтына: https://www.usaid.gov/central-asia-regional және Facebook-тегі USAID Central Asia парақшасына өтіңіз: https://www.facebook.com/USAIDCentralAsia