Мультимедиа сторителлинг онлайн-мектебіне қатысуға өтініш қабылданады

0
876

Назгүл Қожабекованың «Әлеуметтік мәселелерді жариялаудағы мультимедиа сторителлинг форматтары» атты қазақ тіліндегі мультимедиа сторителлинг онлайн-мектебіне қатысуға өтінім қабылдау басталды.

Қыркүйек-қазан айларында Қазақстанның барлық қалаларынан іріктелген 25 медиа өкілі онлайн-мектепке қатысып, менторлардың көмегімен мультимедиа сторителлинг форматында жоба әзірлейді. 

Жобаның мақсаты – қазақ тіліндегі медиа құралдарында мультимедиа сторителлинг форматын сандық және сапалық тұрғыда дамыту, ірі жобалар арқылы аудитория назарын аудару жолдарын үйрету. 

Мектеп онлайн форматта 15 сабақтан тұрады, әр сабақ – 20 минуттық видеолекция түрінде өтеді. Қатысушылар әр сабақтың соңында тапсырма орындап, сол тапсырмаларға сүйене отырып өз жобасын әзірлейді. Онлайн-мектеп бағдарламасы Оксана Силантьеваның (silamedialab.ru) авторлық курсына сүйеніп әзірленген. 

Қатысушыларға шарт – медиа құралының өкілі немесе дербес медиа болу,  яғни онлайн толыққанды контент әзірлеп жүрген тұлғалар. Сондай-ақ медиа немесе қатысушының өзі мультимедиа форматтарына қызығушылық танытуы, оқыту барысында әзірленген материалды жариялауға және ары қарай дамытуға мүдделі болуына да назар аударылады. 

Қатысушыларға мультимедиа форматтарына қажет сервистер және Tilda платформасы тегін ұсынылады, жоба әзірлеу барысында кеңес беріліп, менторлық көмек көрсетіледі, соңынан сертификат беріледі. 

Курсқа 25 қатысушы іріктеп алынады. 

Қатысуға өтініш беру үшін өтінім формасын толтырыңыз. Өтініш 20 тамызға дейін қабылданады. Іріктелген қатысушыларға жауап хат 25 тамызда жолданады. 

Жоба АҚШ Халықаралық даму агенттігінің (USAID) қаржылай қолдауымен Internews жүзеге асырып отырған Орталық Азиядағы MediaCAMP бағдарламасы аясында іске аспақ. 

Жобаны жүзеге асырушы-тренер: Назгүл Қожабекова.

Толық ақпарат алу үшін: [email protected]