ГранттарКонтент жасауға гранттар. Сұрақ-жауап вебинарының видеосы

Контент жасауға гранттар. Сұрақ-жауап вебинарының видеосы

Қазақстандағы Internews өкілдігі Орталық Азияның MediaCAMP бағдарламасы аясында «Отандық контент жасауға идеялар» байқауын жариялады. Байқауда жеңіске жеткен медиаконтент жасаушыларға идеясын жүзеге асыруына грант беріледі. Осы орайда Internews Қазақстан ұйымының сарапшы-кеңесшісі Асхат Еркімбай «Контент жасауға идеялар: сұрақ-жауап» вебинарын өткізді. Байқау шарттарын, байқау неліктен үш кезеңнен тұратынын, қандай тақырыптарға басымдық берілетінін, грант көлемін және тағы басқа да көптеген сұраққа жауап берді. Бұл мәтіннен вебинардағы ең көп қойылған сұрақтардың ықшамдалған жауабын оқып, вебинардың видеосын көре аласыз.

Асхат Еркімбайдың айтқанындай, Қазақстандағы Internews өкілдігінің Орталық Азияның MediaCAMP бағдарламасы аясында Қазақстандағы медиаконтент жасаушыларға грант беретін бағыты бар. Аталған бағыт медиаконтент идеяларына байқау арқылы жүзеге асырылады.

– Мұндай байқау алдын көктем басында да өткізілді. Сол кезде қазақ тілінде аз өтініш келіп түсті. Биыл өтініш көп болатынына үміттіміз. Жалпы Internews Қазақстан ұйымы қазақ тіліндегілері жобаларға басымдық береді. Ал жалпы байқауына келсек, байқау үш кезеңнен тұрады. Байқауға медиаконтент жасайтын жеке адам не белгілі бір мекеме, ұйым қатыса алады. Байқауға өтініш формасы өте қысқа әрі түсінікті құрылған. Өтініш форманы толтырғанда өте мұқият болған жөн. Сондағы ұяшықтардың ішінде «Жобаңыздың идеясын сипаттаңыз» сұрағына жауабыңызды мейлінше тарқатып жазған дұрыс. Өйткені, I кезең – «Идеялар байқауы» кезеңі идеяңыздың қаншалықты қызық екенін түсінуімізге арналып отыр. Идеяңызды нақты әрі дәл жеткізе алсаңыз, жақсы болады. Басқа да ұяшықтарды да бос қалдырмай, тарқатып жауап берген дұрыс. Егер идеяңыз ұнаса, онда сізді II кезең, яғни «Идеяларды таныстыру» кезеңіне шақырамыз. II кезеңде 5 минут уақыт беріледі. Сол уақытта әділқазылар алдында идеяңызды таныстырасыз. Жобаның мақсаты, аудиториясы қандай және тағы басқа сұрақтарға жауап беріп, таныстырып өтесіз. II кезең қалай өтетінінін I кезеңнен кейін тағы жан-жақты түсіндіреміз. II кезеңде таныстырған идеяңыз, жүзеге асыру тәсіліңіз ұнаса, онда сізді III кезең, яғни «Идеяны жетілдіру және грант беру» кезеңіне өткізіп, жобаны қағаз жүзінде ресімдеуге уақыт береміз. Сосын сізбен келісімшарт жасаймыз. Келісімшарт жасалғанынан кейін, жобаны жүзеге асыруға кірісесіз,-деді Асхат Еркімбай.

Сонымен вебинарда ең көп қойылған сұрақтар төмендегідей болды:

1. Грантқа өтінім беру үшін «ИП» (жеке кәсіпкер нысаны – ред.) болуы керек па, оны жаңадан ашса бола ма?
ЖАУАП: Иә, болады. Мұнда басты ескеретін жайт, Internews Kazakhstan ұйымы жеке тұлғаларға грант бере алмайды. Грант қаржысы заңды тұлға есепшотына аударылады. Мұндағы заңды тұлғамыз – жеке кәсіпкер, ЖШС, қоғамдық қор, не басқалай да бір формадағы заңды тіркелген ұйым, мекеме болады. Мұның барлығы грант қаржысының қалай жұмсалғаны ашық көріну үшін жасалады. Бұл үшін арнайы есепшоты болады. Ал есепшот жеке адам атында емес, заңды тұлға атында болғаны дұрыс. Айта кетерлігі, грант – бұл тендер емес, сондықтан байқауға қатысатын заңды тұлғаның қашан тіркелгеніне, бұрын грант алғанына не алмағанына қарамаймыз. Жаңадан ашылған ба, бұрыннан бар ма, бұған да қарамаймыз, біз идеяға қараймыз, идеяға мән береміз.

2. Грантқа өтінішті жалғыз адам бола бере ме, әлде командамен беру міндетті ме?
ЖАУАП: Жалғыз адам атынан да, команда атынан да өтініш беруге болады. Біз идеяның қалай жүзеге асырылатына да қараймыз. Жалғыз адам атқаратын жобалар, не командамен жасалатын жобалар болады. Ал грант қаржысы ұйым не мекеменің есепшотына аударылады.

3. Грант көлемі қандай?
ЖАУАП: Internews Kazakhstan медиаконтент жасауға грант аясында берілетін нақты соманың қанша екенін әзірге айтпайды. Ашып айтпауының да жөні бар. Неліктен? Мысалымен түсіндірейін. Мәселен, алдын ала 5 мың доллар, 10 мың доллар немесе 1 мың доллар ғана грант беріледі десек, онда сіз сол айтылған сома аясында ғана жоба жасауға талпынып, жап-жақсы идеяны тұншықтырып тастауыңыз мүмкін. Біз керемет идеяның тұншығуына қарсымыз, ондай идеяның жарыққа шығуына мүдделіміз. Сол себепті идеяңыз керемет болса, және «оны жүзеге асыруға осыншама қаржы керек» деп көрсетсеңіз, жеткілікті. Байқаудың үшінші кезеңінде сұратқан қаржыңыздың қаншалықты негізді екені ескеріліп, бюджеті есептеліп, реттеледі. Ал өтініш беру барысында сұрататын сомаға шектеу қойылмайды. «Жобаны жүзеге асыруға қанша қаржы керек» деп білсеңіз, сол соманы көрсете аласыз.

4. Қандай тақырып таңдаған дұрыс?
ЖАУАП: Қоғамда үні шықпай жатқан, үні құмығып естілетін топтар бар, телеарнада да олардың үні аз естіледі, не мүлдем естілмейді. Internews Kazakhstan сол топтардың күйін күйттейтін, олардың мұң-мұқтажын жеткізетін, соларға бағытталған, яғни белгілі себептерге байланысты қазақ тілінде көп айтылмайтын, көп қамтылмайтын тақырыптар болса, сондай тақырыптарға басымдық береді.

5. Грантқа өтініш қай тілде жазылу керек?
ЖАУАП: Қазақ тілінде жазсаңыз болады, орыс тілінде де қабылданады. Қайталап айтайын, қазақ тілінде жазылатын жобалар айрықша назарда. Себебі, Internews Kazakhstan ұйымының басым бағыттарының бірі – қазақша медиажобаларға қолдау көрсету.

Вебинарда бұл сұрақтардан басқа, «Қандай есеп тапсырамыз?», «Грант қанша уақытқа беріледі?», «Грант алу үшін сайт-газет не телеарнамыздың болуы міндетті ме?», «Идеяны кімге ұсынамыз, қалай қорғаймыз?», «Өтініш формасында ұйым атауын сұрайды, соны қалай толтырамыз?», «Тақырыпқа, форматқа шектеу бар ма?» деген мазмұндағы және тағы басқа сұрақтар қойылды. Осы және жоғарыда жиі қойылған сұрақтардың да толық жауабы мына видеода бар.

Айта кетейік, байқауға өтініштер 2019 жылдың 15 қарашасына дейін қабылданады. Байқау шарттарын және қатысуға өтініш формасын мұнда жарияладық.

Отандық контент жасауға идеялар байқауы АҚШ Халықаралық даму агенттігінің (USAID) қаржылай қолдауымен Internews Kazakhstan жүзеге асырып отырған Орталық Азиядағы MediaCAMP бағдарламасы аясында өткізіледі.

ПОХОЖИЕ МАТЕРИАЛЫ

spot_img

Популярные статьи