Қазақстандағы Internews өкілдігінің командасы Қазақстанда бірнеше құқық қорғау ұйымының қызметі тоқтатылып, үлкен көлемде айыппұл салынғаны жөніндегі хабарларға алаңдаушылық білдіреді.
Бұл ұйымдар адамның негізгі құқықтарын: пікір білдіру еркіндігі, сөз бостандығы және ақпаратқа қол жеткізу еркіндігін қорғайды. Азаматтық және саяси құқықтар туралы халықаралық пактісінің 19-бабына сәйкес, Қазақстан осы құқықтарды жүзеге асыруға жағдай жасап, қолдауға міндеттелген. Қоғам мен билік арасында тиімді қарым-қатынас орнап, диалог жасауы, азаматтардың медиасауат деңгейін көтеру, тұрақты медиа мен ұлттық ақпарат кеңістігін құру үшін үкіметтік емес ұйымдардың (ҮЕҰ) жұмысы өте маңызды. Мұның барлығы егемендік пен демократияны нығайту шарты саналады. Мұндай ҮЕҰ-лар сыбайлас жемқорлық және тағы басқа қылмыстарға қарсы күресте көмектесіп, мемлекеттік басқарудың барлық деңгейінде шешім қабылдау процессінің ашықтығын қамтамасыз етеді, жұртшылыққа маңызды оқиғалар мен реформалар туралы ақпарат тарататын БАҚ пен журналистердің тиімді әрі қауіпсіз жұмыс істеуіне жәрдемдеседі.
Үкіметтік емес ұйымдарға аса үлкен көлемде айыппұл салынып, қызметінің мәжбүрлі түрде тоқтатылуы — Қазақстанның адам құқықтары мен бостандықтарын құрметтеу міндеттемелерін бұзып ғана қоймай, мемлекеттің сөз бостандығы мен баспасөз еркіндігі рейтингіндегі, ақпаратқа қол жеткізу еркіндігі, сыбайлас жемқорлықты қабылдау, заң үстемдігі мен азаматтық қоғамды дамыту деңгейі индекстеріндегі орнын нашарлатады.
Қазақстандағы Internews өкілдігінің командасы билік органдары мен үкіметтік емес секторды өзара диалогқа шақырады: ҮЕҰ қызметін мәжбүрлі түрде тоқтатуға және аса үлкен көлемде айыппұл салуға мүмкіндік беретін заңнама ережелерін өзгерту қажет. Біз үкіметтік емес ұйымдарға көрінеу бейпропорционал жауапкершілік шараларын қолдануға, қызметін мәжбүрлі тоқтатуға жол берілмеуі керек деп есептейміз және ҮЕҰ-ның аталған әкімшілік істерге қарсылығы мен шағымы заң үстемдігінің қағидаттары негізінде әділетті қаралуын сұраймыз.
Қазақстандағы Internews өкілдігінің командасы