Оқиғалар«Жеті рет тексеріп, жарияла». MediaCAMP Эдьютон-2021 қорытындысы

«Жеті рет тексеріп, жарияла». MediaCAMP Эдьютон-2021 қорытындысы

Cенбі, 6 ақпан күні MediaCAMP Эдьютон-2021 медиасауат инновациялық семинары аяқталды. Қазақстан, Ресей, Украина, Тәжікстан мен Өзбекстан менторлары бес күнде 18 сессия өткізді. Қазақстан, Тәжікстан және Өзбекстаннан барлығы 51 қатысушы медиасауат дамытуға арналған 35 жобасын әбден пісірді. Оларға менторлар тәлім берді.

Спикерлер қандай тақырыпта сөйледі, ең маңызды трендтер қайсы? Қатысушылар қандай жоба жасамақшы? Эдьютон ақтық кезеңіне қай жобалар өтті? Қатысушыларды медиасауат дамытуға арналған жоба жасауға ынталандыратын инновациялық семинардың ең қызық тұстарын баяндаймыз.

«Медиасауат – ауадай қажет машық»

MediaCAMP Эдьютон-2021 инновациялық семинары 2-6 ақпан аралығында өтті. Биылғы семинардың ұраны – «Медиасауат онлайн: креатив аттракционі!». Барлығы 51 адам қатысты. Олардың қатарында мұғалімдер, медиасауат тренерлері, қоғамдық ұйым өкілдері мен журналистер бар. Интерактив сессияның барлығында ұлт тілдеріне синхронды аударма жасалды.

Эдьютон-2021 басты нәтижесі – қатысушыларымыз пандемия аяқталса да онлайн-формат тоқтап қалмайтынын түсінді. Бәрімізге офлайн іс-шараларға үйренгенбіз, алайда онлайн іс-шаралар заманауи адамның өмір салтына айналды. Қашықтан жұмыс істеу, уақыт ұйымдастыру, рационалді медиа тұтыну және ақпаратқа сыни пайыммен қарау, сенімді ақпарат көздерін іздеу машықтары өмірімізге дендеп енді.

— Осынау өзгерістерді еңсеру үшін медиасауатқа деген таптаурын көзқарасты түбегейлі өзгертіп, медиасауат – цифрлы сауаттылықтың ажырамас бөлігі әрі мәні екенін түсініміз керек. Біз қолдаған жобалардың 90%-ы онлайн-форматқа арналғанын қуана айтқым келеді. Әлі атқарар шаруа көп,-дейді «MediaCAMP – Орталық Азия бағдарламасының» медиасауат жөніндегі аймақтық консультанты Гүлнар Асанбаева.

Эдьютон-2021 сессиялары түрлі тақырыпты: «Digital философия — медиасауат дамытудың негізі», «Медиатрендтер және медиасауат дамыту», «Әлеуметтік желілерде ақпарат тарату алгоритмі», «Сыни пайымды онлайн-оқытудың интерактив әдістері», «Медиасауат туралы мультимедиалық сабақтарды қалай дайындауға  болады?» және тағы басқа көптеген тақырыпты қамтыды.

Кейбір сессиялар жария өтіп, Қазақстандағы Internews өкілдігінің Internews in Kazakhstan Фейсбук-парақшасынан тікелей эфирде көрсетілді. Пайдалы білім семинар қатысушыларынан бөлек, әлеуметтік желілердің жүздеген қолданушысына жетіп жатты.

Спикерлердің айтқанын бағамдасақ, медиасауаттылық маңыздылығы жағынан бірінші орындағы қажет машық екен. Әлем жұртшылығы технологияның дамуы өтірік пен манипуляцияны сүзгіден өткізіп, шындық пен жалғанды айыруға көбірек мүмкіндік беретінінен үміттенді. Алайда 2020 жылғы пандемия технологиялардың жалған ақпарат таратуға көмектесетінін көрсетті.

Спикерлердің бірі айтқандай: «Қазір «Қара айна» сериалының бір эпизодында өмір сүреміз. Медиасауат – әлеуметтік желілер алгоритмінің нұсқауымен емес, өз бетінше шешім қабылдауға қажет сыни пайым машығы. Бұл машық бәрімізге керек».

Жоба тәлімгерлері Эдьютон-2021 туралы әсерін де айтты. Украиналық сарапшы Сергей Штурхецкий қатысушылардың ойлау шапшаңдығына тәнті болыпты.

— Жаңа сессияға қатысып, туындаған идеясын дереу іске асырып, жаңа құралдарды сәтінде қолданады.

Қазақстандық тәлімгер Баубек Сағындық биыл жергілікті сұранысқа бейімделген, студенттер, мұғалімдер мен зейнеткерлерге арналған жобалар көп екенін атап өтті.

Тәжікстандық тәлімгер Джамшед Марупов «Жеті рет өлшеп, бір рет кес!» мақалы «Жеті рет тексеріп, сосын жарияла» деп өзгергенін айтады. Оның сөзінше, барлық жоба жеңіске лайық.

— Жобасы өтпей қалса, идеяңызды сандық түбіне тастамай, басқа да грант байқауларына, Internews ұсынатын байқауларға ұсыныңыз,-дейді Джамшед Марупов.

Менторлар Эдьютон басталарда барлық қатысушыға: «медиасауат дамытуға арналған жоба жасағанда жұртшылықтың барлығын қамтуға ұмтылмай, нақты бір бөлігін, яғни мақсатты аудиторияны таңдап, оларды не мазалайтынын түсініп, шешімін ұсыну керек» деп кеңес берді.

Тәлімгер Татьяна Голубцова қазақстандық қатысушылардың кейбір жұмысына пікір білдірді. Ол Даниал Саридің мектеп оқушыларын олимпиадалар арқылы медиасауатқа баулу жобасын, Әлия Таңқыбаеваның жас ғалымдарды оқыту бастамасын атады. Адамдар 2020 жылғы коронавирус пандемиясы кезінде сенімді ақпараттың маңызын түсінді. Дәрігерлер мен мұғалімдер сияқты, инфодемия жағдайында COVID-19 не екенін және індетпен қалай күресуге болатынын түсіндірер ғалымдардың да мәртебесі өсті. Оның айтуынша, қатысушыларға мол ақпарат жеткізудің үздік әдісі – ойын форматы.

Өзектілігі, тұрақтылығы, қаржылай әлеуеті

Эдьютон ақтық кезеңіне Қазақстаннан – 11, Өзбекстаннан – 4, Тәжікстаннан – 10, барлығы 25 жоба өтті. Ақтық кезеңге өткен жобалар – идеяны жүзеге асыруға қаржылай көмек алуы ықтимал жобалар. Командалар өтініштерін жетілдіріп, егжей-тегжейлі пысықтап, бюджетін негіздеп, нақтылаған соң, іріктеу комиссия 25 өтінішті қарап, ақырғы шешім қабылдайды. 2021 жылғы ақпан айының соңына дейін шешім қабылданып қалады.

Қазақстан

  1. «Digital этикет: интернетте бір біріңді қалай құрметтеу керек, оқушыларға ғадауат тілі бойынша тренингтер өткізу;
  2. Медиасауат олимпиадасы;
  3. 50 жастан асқан адамдарға медиасауат туралы видеороликтер сериясы;
  4. «МедиаҚала», қазақ, тәжік және өзбек тілдеріндегі quiz;
  5. Жоғары сынып оқушылары мен ЖОО студенттері арасында аймақаралық дебаттар ұйымдастыру, қазақ және орыс тілдерінде;
  6. «Кибергигиена», Қазақстан мұғалімдеріне медиасауат туралы видероликтер;
  7. «Медиасауат көктемі», мектеп мұғалімдеріне тренингтер;
  8. Ғалымдарға медиасауат. Академиялық ортаға арналған тренингтер;
  9. Цифрлы графика және буклеттер жасау;
  10. Квест элементі бар реалити-шоу;
  11. «МИГ штурмандары», кітапханадағы түн, Қостанай облысындағы балалар кітапханасы оқырмандарына квест.

Өзбекстан

  1. Media Education, Қарақалпақстан ЖОО оқытушыларын медиасауаттылыққа оқыту;
  2. «Медиасауатты интернет қолданушы», цифрлы сауат арттыруға арналған видеороликтер сериясы;
  3. Медиасауаттылық туралы видеороликтер жасау;
  4. Ауыл және қала жасөспірімдеріне медиасауат туралы онлайн-вебинарлар.

Тәжікстан

  1. Медиасауат туралы комикстер;
  2. Медиасауат туралы вайндар;
  3. Зейнеткерлерге смартфон, интернет пен әлеуметтік желілерді қолдануды үйрететін видеосабақтар;
  4. Азаматтық қоғам ұйымдарының қызметкерлеріне шеберлік сабақтары;
  5. Интернет-қауіпсіздік туралы балалар телесериалы
  6. Жастарға фактчекинг негіздерін түсіндіретін видеосабақтар;
  7. Таулы Бадахшан автономиялы облысының шалғай аудандарындағы мектеп мұғалімдеріне медиасауат тренингтері;
  8. Тәжікстандағы ауыл жастарына экология тақырыбында caption video түсіру және медисауат тренингтері;
  9. Тәжікстандағы өзбек тілді жастарға арналған медиасауат тренингтері;
  10. Медиасауат тақырыбында форум-дебаттар.

MediaCAMP Эдьютон-2021 медиасауат жөніндегі әдістемелік-инновациялық семинары АҚШ Халықаралық даму агенттігінің (USAID) қолдауымен “MediaCAMP – Орталық Азия бағдарламасы” аясында жүзеге асты.

ПОХОЖИЕ МАТЕРИАЛЫ

spot_img

Популярные статьи