Медиасауат онлайн: MediaCAMP Эдьютон-2021 басталды

0
1198

2021 жылғы 2 ақпанда MediaCAMP Эдьютон-2021 инновациялық семинары басталды. Биылғы Эдьютон ұраны – “Медиасауат онлайн: креатив аттракционі!”. Қатысушылар – мұғалімдер, медиасауат тренерлері, қоғамдық ұйым өкілдері бес күн бойына онлайнда жұмыс істеу машығын үйренеді. Қазақстан, Тәжікстан мен Өзбекстаннан барлығы 51 адам тәлімгерлермен бірге медиасауат дамытуға арналған жобалар әзірлейді. Үздік жобалар қаржылай қолдауға ие болады.

Спикерлер дәрісі мен тренерлердің практикалық сабақтары медиасауаттылыққа қашықтан оқытудың интерактив әдіс-тәсілдеріне, ойындар мен визуализацияға арналады. Шақырылған тренерлердің ашық сессияларын Facebook әлеуметтік желісіндегі Internews in Kazakhstan парақшасынан күнделікті тікелей эфирден көруге болады. Спикерлер мен олардың ашық тақырыбын, өтетін уақытын мына парақтан көре аласыз.

USAID Орталық Азия миссиясының өңірлік директоры Крис Эдвардс

Жалған ақпарат, қауесет, жорамалдар, өтірік хабарламалар мен қастандық теориялары вирустан да жылдам таралады. Міне, сондықтан медиасауат арттыру үшін күш біріктіруіміз өте маңызды. Адамдар мейлінше сыни тұрғыдан ойланып, ақпарат көздерін талдап, ажырата білуінің өмірлік маңызы бар,-деді USAID Орталық Азия миссиясының өңірлік директоры Крис Эдвардс.

MediaCAMP – Орталық Азия бағдарламасының” жетекшісі Марат Бигалиев

Жаһандық пандемия кезінде халықтың медиа және цифрлы сауатын арттыру тіпті өзекті бола түсті. Әлем инфодемиямен бетпе-бет келіп, COVID-19 және вакцина туралы өте көп жалған ақпарат таралды. Мұндай мәселені онлайн-форматта шешуге тура келіп отыр, бірақ бұл оңай емес. Алайда онлайн оқуды да қызықты әрі пайдалы етіп өткізуге болатынын осы Эдьютонымызда көрсетеміз. Биыл интерактив әдіс-тәсілдер, ойындар мен визуализацияға баса назар аудардық,-дейді “MediaCAMP – Орталық Азия бағдарламасының” жетекшісі Марат Бигалиев.

ҚР Ақпарат және қоғамдық даму вице-министрі Кемелбек Ойшыбаев

ҚР Ақпарат және қоғамдық даму вице-министрі Кемелбек Ойшыбаев медиасауат дамытудың маңызы туралы көзқарасын айтты. 

— Жылдан жылға бұқараның медиа және ақпараттық тұрғыдан сауатты болуының рөлі мен маңызы  артып келеді. Теріс және тексерілмеген сенімсіз ақпарат ықпалына түсіп қалатын әлеуметтік топтарды анықтап, қоғамдағы медисауат рөлін айқындау үшін  әлеуметтік зерттеу жүргізу жоспарымыз бар. Интернетті қауіпсіз қолдану машықтары мен медиасауат негіздеріне үйрететін грант байқауын жүзеге асырмақпыз,-деді ҚР Ақпарат және қоғамдық даму вице-министрі Кемелбек Ойшыбаев

Эдьютонның бірінші күні медиаменеджер, редактор, медиатренер, MediaToolbox негізін қалаушылардың бірі, “Журналист” журналындағы “Жаңа медиа” айдарының редакторы Всеволод Пуляның дәрісі болды. Ашық сессия видеожазбасын Facebook-тегі Internews in Kazakhstan парақшасынан көре аласыз.

Былтырғы Эдьютон жеңімпаздары (Қазақстан, Тәжікстан, Өзбекстан) медиасауат дамытуға арналған жобаларын жүзеге асыру нәтижесін баяндады. 2020 жылғы семинар офлайн-форматта өтті. Ал дайындық пен жүзеге асыру жұмыстарының барлығы дерлік онлайн болды. Тек Тәжікстаннан бір жеңімпаз – шалғайдағы таулы елдімекенде тұратын Афсона Мамадаезова интернет жылдамдығының нашарлығына байланысты оқытуды офлайн ұйымдастырды.

Тәжікстаннан тағы бір жоба онлайн орындалды. Дарья Христолюбова “Балалар мен желілер” атты балаларға медиасауаттылық оқытатын уеб-квест өткізді. Олар цифрлы репутация, эмодзи мағынасы және ақпарат тұтынуға ықпал етер басқа да тақырыптарды талқылады. Тапсырманы орындауға әке-шешелері де атсалысты. Олар балаларынан әлеуметтік желіде кімдерге жазылғанын, оның контенті неліктен қызық екенін сұрады. Көптеген ата-ана мұндай тапсырмаға алғыс білдірді: олар бұрын-соңды балаларынан бұл туралы сұрамаған екен. Бұл тақырыпта балаларымен әңгімелесу де қызық болыпты.

Былтырғы Эдьютонның қазақстандық жеңімпазы, ЖОО оқытушысы Марал Айтмағамбетова SuperOngar жобасын жүзеге асырды. Жоба мақсаты – қаһарман қатысатын ойында сыни пайымды үйрену. Нәтижесінде видео дайындап, онлайн-режимде оқытып, үш республикалық сынып сағатын өткізді. Марал биылғы қатысушыларға: “Барлығын бірдей қамтуға шамаңыз жетпейді. Жобаны жоспарлағанда мақсатты аудиторияңызды және нақты бір әлеуметтік желіні таңдап алыңыз” деді.

Тағы бір қатысушы – өзбекстандық Натали Ткаличтің жобасы “Медиақала” куиз түрлі жоғары оқу орындарының студенттеріне арналған. Бұл жоба Орталық Азияға таралды. Ұйымдастырушылары бұған ешқандай күш жұмсамапты. Куизде Назарбаев университетінің командасы да жеңіске жеткен.

Натали кейбір қатысушылардың интернеті нашарлап, ақтық кезеңде Zoom бағдарламасында техникалық ақау туындағаны, кейбір командалар іріктеу турына бірнеше рет қатысып, тағы бір қатысушылар чатта жөн-жосықсыз әрекет жасағаны туралы қиындықтар кездескенін атап өтті. Ең бастысы – келер жолы мұндай қатенің алдын алуға көмектесер тәжірибе жинақталды.

Бұл жоба АҚШ Халықаралық даму агенттігінің (USAID) қолдауымен “MediaCAMP – Орталық Азия бағдарламасы” аясында жүзеге асады.