Оқиғалар«Егер идеяңыз болса, онда іске асыру керек". Медиатренер Евгений Хабаровтың өмір жолы

«Егер идеяңыз болса, онда іске асыру керек». Медиатренер Евгений Хабаровтың өмір жолы

Қазақстандық медиатренер Евгений Хабаров медиасауат тренингтерін ұйымдастырады. Павлодарда оқыған, қазір сонда тұрады. Бүкіл Қазақстан бойынша тренингтер өткізеді. Евгений 2019 жылы Internews-тің тренерлерге арналған тренингіне қатысты. Волонтер болды, кейін медиатренерге айналды. Қазақстанның жас әрі белсенді медиатренерімен әңгімелесіп, қазіргі жетістігіне волонтерліктің қандай пайдасы тигенін, медиасауат машықтарын күнделікті тұрмыста қалай қолданатынын, күмәнмен қалай күресетінін білдік.

Евгений, өзіңіз жайлы аз-кем айтып өтсеңіз…

— Павлодар облысының Ақсу қалашығында (Иә, иә, Иманбектің туған жері) туып-өстім. Қазір Павлодарда тұрамын. Жасым 20-дан асқан, бірақ 27-ге жетпеген. Медиасауат тренингтерінде адамдар мені көріп, жасым нешеде екенін білгісі келеді. «Тренингтен өтсеңіз, жауабын білесіз» деп айтамын. Тренинг біткеннен кейін де жасымды айтпаймын. «Мен үйреткен фактчекинг машықтарын және ашық деректерді қолдана отырып, өзіңіз-ақ менің жасымды біле аласыз», деп, интернетке жөн сілтеймін.

Мамандығым — жылу энергетигі. Менеджмент және құқық мамандықтарының бірін таңдағалы жүргенімде әке-шешем техникалық мамандық оқығанымды қалады. «Зауыттан жұмыс табуға болады» деген түсініктен туындаса керек-ті. Студент кезімде уақытымның көбін түрлі іс-шаралар мен тренингтер ұйымдастыруға арнадым. Қазір де ұйымдастырамын. Коммуникация, конфликтілер, адам құқығы тақырыптары өте ұнайды. Тренингтер мен тимбилдингтерде адамдардың бір-бірімен танысып, араласып, жаңа идеялар туындап, қуанғанын көру шабыттандырады.

Волонтер деген кім? Волонтер болуды қалай түсінесіз?

— 2015 жылы театрда ойнадым, балаларға актерлік шеберлікті үйреттім. Әкімдіктен арада мәселе туындап, тегін театр студиямызды Мәдениет үйі ғимаратынан шығарып тастады, өйткені ешқандай табыс әкелмейміз. Бұл мәселені көпшілікке жеткізетін БАҚ-тар мен қоғам белсенділерінің байланыс нөмірін іздедім. Осылайша «Қазақстан жастар ақпарат қызметінің» (МИСК) өкілі Ирина Медниковамен таныстым. Ол маған ZHASCAMP туралы айтты. 2015 жылы алғаш рет соған қатысып, азаматтық белсенділік туралы білдім.

2016 жылы Павлодардағы ЖОО-ға оқуға түсіп, жергілікті волонтер орталығына келдім. Тренерлерге конфликт тақырыбында алғаш рет тренинг өттім. Волонтерлік туралы таңды таңға ұрып айта аламын. Саясаткерлердің волонтерлерге стипендия беру бастамасын қолдамаймын. Волонтерлік — ақы төленбейтін қызмет. Жаңа тәжірибе жинап, істеген жұмысың жағдайды қалай өзгерткенін көресің. 2018 жылы «Қазақстан жастар ақпарат қызметінің» (МИСК) волонтері атандым.

Қалай медиатренер болдыңыз?

— МИСК-те жүргенімде медиа және ақпараттық сауаттылыққа қызығатынымды түсіндім. 2019 жылы МИСК екінші Орталық Азиялық Эдьютонға қатысуды ұсынды. Эдьютонды Нұр-Сұлтанда Internews ұйымдастырды. Сол жылы Алматыда өтетін медиасауаттылық тренерлеріне арналған тренингке қабылдау жүріп жатты. Өтініш бердім, шақырды. Кейін Павлодарға оралып, тренингтер ұйымдастырып, тәжірибе жинақтадым. МИСК-ке алғысым шексіз. Волонтерлік қызмет жастарға жаңа серпін беріп, олардың дамуына көмектеседі. Волонтерлердің білім жетілдіруіне көп көңіл бөледі. Қазір МИСК волонтері болмасам да серіктес-достармыз.

Жұмысты жақсы істеуіңізге жәрдемі тиер амал-тәсіл бар ма?

— Жұмысты жақсы атқаруға ұмтыламын, сондықтан да бірнеше ірі жобаға қатар кіріспеймін. Бірнеше істі қатар алсаңыз, онда сапасы да, нәтижесі де нашарлауы мүмкін. Командамызбен биылғы жазда Қазақстанның бес өңіріне қазақ және орыс тілдерінде медиасауат фестивалдерін ұйымдастыру бойынша жобаны қолға алдық. Шағын жобалар да жасаймын.

Команда (үйлестірушілер, тренерлер, спикерлер, синхронды аудармашылар) жасақтап, үлкен аудиторияға қызық та пайдалы тренингтер ұйымдастыра аламын. Жоспарлау және басқару машығы маңызды. Командаң болуы, оның бір бөлігіне айналу да өте маңызды, әйтпесе ешқандай нәтижеге жетпейсіз.

Медиасауат курстарыңыз туралы толығырақ айтыңызшы…

— Қалай тренинг өткізуді білемін, бағдарламаны аудитория мен сұранысқа қарай өзгертіп, түрлі тақырыпқа ыңғайлаймын. Егде жастағы аудиторияға фейк-ньюс, телефон және жеке деректер қауіпсіздігі қызық. Егер аудитория түрлі жастағы адамдардан құралса, онда медиасауат дегеніміз не екенін түсіндіріп, жаңалықты тексеруді, ақпарат көзін табуды үйретемін. Фейк-ньюс және фактчекинг туралы айтамын. Манипуляцияның қандай түрлері болатынын, соған түсіп қалмауды, пропаганда, сыни пайым және троллингті түсіндіремін. Медиасауаттылықтан хабары бар аудиторияға ашық деректермен жұмыс істеу, жергілікті бизнесмендер туралы ақпарат іздеу, ашық дереккөздерде өзі жайында қандай ақпарат бар екенін білуді үйретіп, желіде тарататын ақпаратымыздың этика және құқықтық жауапкершілік мәселелерін талқылаймыз.

Күнделікті өмірде медиасауат машығыңызды пайдаланасыз ба?

— Ақпаратты сыни пайымға салып бағалаймын, тексеремін, қайнаркөзін іздеймін. Интернетке шықпағанын қалайтын жеке деректерімді қорғаймын. Бүгінде әркім – бір медиа. Айтамыз, әңгімелейміз, жариялаймыз, жазамыз, сторис түсіреміз, түртіп аламыз, трансляция жасаймыз, бір айырмашылы – әрқайсымыз әр түрлі тәсіл қолданамыз. Мен этиканы бұзбайтын медиа болғым келеді.

Күмәнданатын кезіңіз бола ма? Сол кезде не істейсіз?

— Егер бұл тақырып өтпесе, аудиторияны қызықтырмаса, қайтемін, деген қорқыныш бар. Сондай қорқыныштан бірнеше идеямды іске асырмадым. Кейін тап соны басқа біреу жасады. Түсінгенім – «Егер идея келсе, онда ақылға салып, ойланып, іске асыру керек» . Егер идея шала болса, онда менторларға айтыңыз. Идеядан бас тартуға болмайды. Идеяны жұртқа көмегі тиер жобаға айналдыру керек.

— Арманыңыз қандай?

— Жаһандық мақсатым — әлемді жақсарту. Бәлкім, қарабайыр естілер, бірақ мақсатым осы. Қоғамдық ұйымда жұмыс істей жүріп, орта құрып, әлеуметтік өзгеріс енгіземін. Саяхаттауды армандаймын. Қазіргі жұмысыма байланысты түрлі қалаларға барамын, адамдармен танысамын. Театрға барғым келеді. Бұрын театрда ойнадым, қазір спектакль көремін. Театр ойларымды ретке келтіріп, күнделікті күйбең тірліктен бір ауық оңашалануға көмектеседі.

ПОХОЖИЕ МАТЕРИАЛЫ

spot_img

Популярные статьи