ОқиғаларҚазақстанда алғаш рет мектеп бағдарламасына медиасауат енгізілуі мүмкін

Қазақстанда алғаш рет мектеп бағдарламасына медиасауат енгізілуі мүмкін

Қазақстандағы медиасауат бойынша алғашқы оқу құралын мемлекеттік комиссия мақұлдап, білім беру мекемелерінде пайдалануға ұсынды.

«ҚР БҒМ жанындағы «Оқулық» республикалық ғылыми-практикалық орталығының талдауына сәйкес медиа және ақпараттық сауат бойынша оқу және әдістемелік құрал Қазақстандағы білім беру мекемелерінде пайдалануға ұсынылды. «Оқу құралының мазмұны медиажүйе мен медиа саласы туралы заманауи ғылыми ұғымдарға сай келеді», – делінген «Оқулық» орталығының ресми тұжырымдамасында.

Қазақстан, Қырғызстан, Ресей, Украина мен Литва елдерінің сарапшыларынан құралған топ 9-11 (12) сынып оқушыларына арналған оқу құралын және қазақ және орыс тілдерінде мектеп мұғалімдеріне арналған әдістемелік құралды жасады. Әдістемелік құралды сілтемені ашып, көре аласыз.

Оқушылар медиасауат ұғымын үйреніп, сыни ойлау, фейк пен манипуляцияны ажырата білу, сондай-ақ интернетті қауіпсіз пайдалану қабілеттерін игереді. Еске сала кетейік, АҚШ, Еуропа мен басқа да көптеген елде медиасауат – орта білімнің міндетті бөлігі.
2021 жылдың 1 маусымында Internews және MediaNet өкілдері ҚР Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетовпен кездесіп, мектеп бағдарламасына медиа және ақпараттық сауатты енгізу мәселесін талқылады.

Сондай-ақ ҚР Білім және ғылым вице-министрі Шолпан Каринова «Ыбырай Алтынсарин атындағы ұлттық білім беру академиясы жалпы білім беретін мектептердегі медиасауатты ары қарай дамыту стратегиясын талқылайтынын» хабарлады.

2019 жылы оқушыларға арналған оқу құралы қазақстандық мектептерде мақұлданды, ал 2020 жылы ҚР мемлекеттік білім беру стандарттарына сай өңделіп, мұғалімдерге арналған әдістемелік құралмен толықтырылды.

Оқу құралының авторлары: Павел Банников, Factcheck.kz сайтының бас редакторы (Қазақстан); Иван Печищев, Перм мемлекеттік университетінің профессоры, медиатренер, сыни ойлау курсының авторы (Ресей); Александр Гороховский, БезБрехнi фактчекинг ресурсының негізін қалаушы, сертификатталған тренер және медиасауат пен фактчекинг бойынша кітап пен курстар авторы (Украина); Таша Соколова, «Монитор» жобасының авторы және редакторы, медиатренер (Ресей); Дмитрий Шишкин, медиасарапшы, тренер, жазушы (Қазақстан); Дайнюс Радзявичус, Литва Журналистер одағының мүшесі, ОБСЕ сарапшысы, Литваның Баспагерлер мен журналистерге арналған әдеп кодексінің авторларының бірі (Литва); Айчурек Усупбаева, бағдарламалық директор, БАҚ-ты қолдау орталығының сарапшысы (Қырғызстан).

Бұл оқу-әдістемелік кешенді USAID қаржылық қолдауымен Internews ұйымы іске асыратын  MediaCAMP — Орталық Азия бағдарламасы аясында «MediaNet» Халықаралық журналистика орталығы» ҚҚ дайындады.

ПОХОЖИЕ МАТЕРИАЛЫ

spot_img

Популярные статьи