ОқиғаларНұр-Сұлтанда қазақ тіліндегі медиасауат бойынша алғашқы оқу құралының тұсаукесері өтті

Нұр-Сұлтанда қазақ тіліндегі медиасауат бойынша алғашқы оқу құралының тұсаукесері өтті

НҰР-СҰЛТАН. Internews өкілдігі 28 қазанда «Медиасауат бойынша жоғары оқу орындарының оқытушыларына арналған оқу құралының» тұсаукесерін өткізді. Бұл оқу құралы Орталық Азияның MediaCAMP бағдарламасы аясында алғаш рет қазақ тілінде жарық көрді. Іс-шара қонақтары медиасауат бойынша жылдың үздік жобаларымен танысып, түрлі ойындарға қатысып, медиасауат деңгейін тексерді. 

«Қазақстанда Интерньюс ұйымы 25 жылдан бері медианы және медиа мамандарын қолдау бойынша жұмыс істеп келеді. Олардың біліктілігін арттырып, сапалы және әлеуметтік маңызы бар контент жасауына, аудиторияға таратуына және құқықтық ортаны жақсартуға көмектесеміз. 2017 жылдан бастап Интерньюс портфолиосы медиа және ақпараттық сауат бойынша жобалар жасау бағытымен толықты. Жылдан жылға медиасауат маңыздылығы артып жатыр», — деді Орталық Азиядағы Internews өкілдігінің басшысы Марат Бигалиев. 

«Бүгінгі таңда әрбір адам ең маңызды шешім қабылдауы үшін ақпаратты ұсынудың заманауи технологияларын жетік біліп, ең пайдалы ақпаратты сұрыптап, түрлі манипуляцияның құрбанына айналудан сақтануы керек. Сондықтан да әлемдік қауымдастықта медиасауат 21 ғасырдың альфа-омегасы ретінде танылды», — деді MediaCAMP бағдарламасының медиасауат бойынша аймақтық консультанты, жауапты редактор, бірнеше оқу құралының авторы Гүлнар Асанбаева.

Қазақстандағы ЖОО оқытушыларына арналған медиасауат бойынша оқу құралы 3 бөлім, 17 модулден тұрады. Жалпы тиражы — 200 дана. Жақында электронды нұсқасы жарияланады. Оқу құралы авторларының қатарында қазақстандық және украиналық медиатренерлер бар. Олар медиасауат бойынша оқу құралын әзірлеу барысында халықаралық дереккөздерді пайдаланып, халықаралық білім беру стандарттарына сүйенген. 

Оқу құралы әуелі орыс тілінде әзірленіп, содан кейін қазақ тіліне бейімделіп аударылды. Қазақ тілінің стилистикалық ерекшеліктерін ескере отырып, аудиторияға бейімдеу бойынша үлкен жұмыс атқарылыпты. 

«Жыл сайын ақпарат тұтыну қарқыны өссе де ақпарат шынайылығына көз жеткізу деңгейі төмендеп жатыр. Көптеген адам “ақпараттық фастфуд” тұтынады, яғни ақпаратты сыни пайымға салмай, “сүзгісіз” қабылдайы. Міне, сондықтан да өскелең ұрпаққа медиасауат негіздерін оқыту өте маңызды», — дейді оқу құралына рецензия жазған медиатренер Мейрамхан Жәпек.

Оқу құралының әр бөлімінде теориялық және практикалық материалдар бар. Бірінші бөлімде Қазақстандағы медиасауаттың әлеуметтік-саяси даму контекстіне мән беріпті. Мұнда медиа ақпараттық сауат түсінігінен бастап елдегі медиаиндустрия сипатына дейін қамтылған. Екінші бөлімде ақпаратты бағалау және анықтау барысындағы сыни ойлаудың рөлі, ақпараттың шынайылығын анықтау әдіс-тәсілдері мен технологиялары жөнінде айтылады. Ақпаратқа қол жеткізу, Қазақстан медиазаңнамасына тоқталып, фактіні тексерудің практикалық машықтарын да үйретеді. Үшінші бөлімде медиаконтент өндірісі, кәсіби журналистиканың этикалық стандарттарын оқыту және ең маңыздысы — медиасауат машықтарын үйрету әдіснамасына назар аударған. Яғни бұл бөлімде медиаконтенттің жаңа форматтары, интернет пен әлеуметтік желілердің жаңалыққа әсері, гендерлік таптаурындар, жаңалықтар сюжетінің жанрына дейін қамтылған. 

«Медиасауат саласындағы бастамаларымызды бірқатар министрлік, соның ішінде Білім және ғылым министрлігі, Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі қолдағанына қуаныштымын. Білім және ғылым министрлігінің бастамасымен медиасауаттылық пәні 8 сыныпқа арналған элективті курс ретінде қарастылып жатқанынан көбіміз хабардармыз. Бұл керемет бастаманы құптаймыз және алдағы уақытта ынтымақтастыққа дайынбыз», — деді Орталық Азиядағы Internews өкілдігінің басшысы Марат Бигалиев. 

Internews ұйымы MediaCAMP бағдарламасы аясында медиасауат бойынша ондаған жобаны қолдады. Мұндай жобалар қатарында: барлық жастағы адамға арналған тренингтер, ертегілер, комикстер, постерлер, медиасауат үйі, фестивалдер және т.б. бар. 2022 жылғы ақпанда өтетін Медиасауат Эдьютонында жаңа жобалар басталады. 

Қазақ тіліндегі медиасауат бойынша оқу құралы АҚШ Халықаралық даму агенттігінің (USAID) қолдауымен MediaCAMP — Орталық Азия бағдарламасы аясында шықты.

ПОХОЖИЕ МАТЕРИАЛЫ

spot_img

Популярные статьи