Оқиғалар«Мән бер» сұхбаттары мен комиксі ыңғайсыз сұрақтарды әшкерелейді

«Мән бер» сұхбаттары мен комиксі ыңғайсыз сұрақтарды әшкерелейді

Кісінің жеке шекарасын бұзып, жанын жаралайтын сұрақ қоятындарға қалай жауап береміз? Ыңғайсыз сұрақтар дегеніміз не? Теріс әсері қандай? 

Man ber / «Мән бер» жобасының авторлары қоғамда кейбір топтарға жиі қойылатын ыңғайсыз сұрақтарды анықтап, орынсыз сұрақ нысанына айналған адамдармен бірге талқылады. Қисық сұраққа қалай қарымта жауап беруге болатынын комикс суреттерімен жеткізді. Орталық Азияның MediaCAMP бағдарламасы аясында ұйымдастырылған «Шағын грант. Қысқы маусым 2021» контент өндірісіне гранттар байқауында жеңіске жетіп, жүзеге асқан Man ber жобасы туралы Жадыра Жанарбек әңгімеледі.

Man ber командасында барлығы үш адам: жоба менеджері Жадыра Жанарбек, видеограф-монтажёр Назерке Құрманғазинова мен комикс суреттерді салатын иллюстратор Гүлзат Құрманғазинова бар. 

— «Мән бер» жобасы қоғамдағы кейбір топ адамдарына (орамал тағатын қыздар, егіздер, шетел азаматына үйленгендер, 40+ жастағы оқу оқып жүргендер т. б) жұртшылықтың қандай сұрақты көп қоятынын анықтайды. Бұған кейіпкерлер қалай жауап беретінін, қандай ыңғайсыз/орынсыз сұрақ қоймау керек екенін көрсетеді. Жоба идеясы бірнеше идеяның қорытындысы іспеттес болды. Шетелдік YouTube-арналардың, контентін қарап, қандай актуал тақырыптар айтылып жатқанын іздедік. Осылайша біз өмір сүретін қоғамдағы маңызды мәселелердің қосындысынан тұратын жобаны пысықтап, өтініш жібердік. Байқаудың екінші туры — питчинг кезінде қазылар алқасы ұсыныстарын айтып, бұлыңғыр идеямызды айқындауға көмектесті. Осылайша кейбір топтарға қоғамның қандай сұрақты көп қоятынын анықтайтын «Мән бер» жобасы дүниеге келді. Жобамыздың «Мән бер» деп аталуының да мәні бар. Жоба арқылы қоғамдағы өзекті тақырыпты көтергіміз келді. Қоғамдағы азшылық топтардың дауысы, айтар сөзі аса маңызды болды. Олар қандай ыңғайсыз сұрақ еститінін, оларға қалай жауап беретінін, не үшін ыңғайсызданатынын білгіміз келді. Адамның жеке шекарасы болуы және оны ешкім бұзбауы керек екенін айтқымыз келді. «Олардың да үніне мән берейік» деген оймен «Man ber» деп атадық, — дейді Жадыра Жанарбек. 

Man Ber жобасын орындау барысында барлығы 10 видео мен 21 комикс жарық көрді. Видеоконтент Minber.kz ақпарат агенттігінің YouTube арнасына, ал комикстер minber.kz Instagram-парақшасына шықты. Осылайша Minber.kz медиасы мен Man ber жобасының коллаборациясы болды.

Жобаның алғашқы контенті 2021 жылғы наурызда жариялана бастады. Ең бірінші тақырып «Орамал тағатын қыздарға қойылатын ыңғайсыз сұрақтар» болып, қызу талқыланды. Видео сипаттамасына:

«Алғашқы қонағымыз — орамал таққан қыздар. Қоғам оларға қандай сұрақты көп қояды деп ойлайсыздар? Орамал тағатын қыздардың жауабы қандай? Бұл туралы қыздардың өзімен әңгімелестік. Тақырып қызық болса біздің алғашқы видеомызды көріңіздер»,

деп жазылған. 

Жалпы қаралымы 4000-ға жуықтап, комментарийлер саны 25-тен асты.

— Видеоның қызу талқыланғанына екі себеп бар сияқты. Біріншіден, бұл — өзекті тақырып. Мемлекеттік мекемеде, қызметте, оқу орындарында болсын, адамдармен қарым-қатынаста да орамал тағатын қыздарға көп сұрақ қойылып, тексеру жүргізіледі. Сондықтан видео қызу талқыланды. Екіншіден, бұл видеоның таралуына көбірек күш салдық. Мұның да әсері болуы мүмкін, — дейді Жадыра Жанарбек. 

Man ber видеолары түрлі тақырыпты қамтиды. 

  1. Егіздерге қойылатын ыңғайсыз сұрақтар.
  2. 35+ студентке қойылатын ыңғайсыз сұрақтар.
  3. Қандастарға қойылатын ыңғайсыз сұрақтар.
  4. Вакцина салдырғандар қандай ыңғайсыз жағдайға тап болады?
  5. Фрилансерлерге қойылатын ыңғайсыз сұрақтар.
  6. Жас айырмашылығы үлкен жұпқа қойылатын ыңғайсыз сұрақтар. 
  7. Белсенділерге қойылатын ыңғайсыз сұрақтар.
  8. Актер Рамазан Амантай мен жұбайы Гүлфару Төленге қойылатын ыңғайсыз сұрақтар.
  9. Ыңғайсыз сұрақты кімдер қояды? Жеке шекараны қалай қорғаймыз?

Мұндағы «Ыңғайсыз сұрақты кімдер қояды? Жеке шекараны қалай қорғаймыз?» деген видео алдыңғы тоғыз видеоның қорытындысы. Осы шығарылымда сарапшылар ыңғайсыз сұрақтарды кім және неге қоятынын, жеке шекараны қорғау, сұралмаған кеңестер жайлы талқылайды.

Ал комикс тақырыбы орамалды қыздарға жиі қойылатын «Сен сонда орамалмен ұйықтайсың ба?» деген сұраққа арналған.

Man ber комикстерінде алуан тақырып, ащы мысқыл мен әжуа да бар. Ыңғайсыз сұрақ авторлары комикстен өзін көріп, «мынау мен ғой» дегізетін тұстары мен ыңғайсыз сұрақтан жайсыз жағдайда қалған адамның көңіл-күйін дөп басқан сәттерді көресіз. Комикстер Instagram әлеуметтік желісінде #мәнберкомикс хештегімен табылады.


Ал жобаны жүзеге асыру бірнеше кезеңге бөлінген. 

— Препродакшн кезеңінде видео-сұхбат пен комиксте жеке шекараға қатысты қандай тақырыптар қозғалатынын зерттеп, ютуб-жобаларға шолу жасап, өтімді форматтар жайында мағлұмат жинадық. Тақырыптарды негізге алып, әрбір сұхбат пен комикс сценарийін жаздық. Сценарийде кейіпкерлерге қоятын сұрақтар, күтілетін реакция, сұхбат ұзақтығы қамтылды. Барлығын нақтылап, 5 айға жұмыс жоспарын жасадық. Түсірілім күні мен сағаты, орны, монтаждау мен жариялау уақыты жазылды. Сценарий дайын болған соң кейіпкер тауып, сұхбатқа келістік. Командамыздағы иллюстратор Гүлзат Құрманғазинова комикс стилін таңдап, эскизін сыза бастады. Комикс дайын болғанда minber.kz Instagram-парақшасына жарияладық. Видеоға қажет техника сай болғанда продакшн, яғни түсірілім кезеңі басталды. Әр түсірілім 1 сағатқа созылды. Постпрадакшн кезеңінде түсірілген видеоны іріктеп, монтаж басталды. Видеограф-монтажеріміз Назерке Құрманғазинова. Дайын видеоны Minber.kz ақпарат агенттігінің Youtube-арнасына шығардық. Ал аңдатпасын Инстаграмда пост және сториз түрінде жариялап отырдық. Бұған да арнайы видео дайындалды. Видеолар шыққанда Minber.kz сайтына сұхбат жайлы аңдатпа мәтін шықты. Бұл үшін сайтта «Мәнбер» деп аталатын айдар ашылды. Кейінгі 5 видео-сұхбат форматын өзгертіп, арнайы сұрақтар жазылған карточкалар дайындадық және Instagram мен Tiktok-та жеке шекара және ыңғайсыз сұрақтар туралы видео-топтама жарияладық, — дейді Жадыра Жанарбек. 

Man ber жобасы мен Minber.kz медиасының коллаборациясы екі жаққа да пайдасын тигізді. Мәселен, Minber.kz ақпарат агенттігінің әлеуметтік желілердегі аудиториясы ұлғайып, әлеуметтік медиа арналары күшейе түсті. Instagram-парақшасына жазылушылар саны 3 мыңдай болса, бүгінде 12 мыңға жетті. YouTube арнасына жүздеген жазылушы қосылды. 

Ал Man ber авторлары шығармашылық машықтарын шыңдады. Тіпті журналистикаға қызығатын жастардың да кәсіби тәжірибе алаңына айналды.

— Журналистикаға және жобамызға қызығушылық танытып, бізбен бірге сұхбат алған адамдар болды. Атап айтсақ, Самал есімді мобилограф біздің сұхбатқа backstage түсіріп берді. Журналистика мамандығында оқитын студент Айым сұхбат алу машығын дамыту үшін көмектесуге келді. Осылайша сұхбатымызда жас журналистердің тәжірибе жинақтауына көмектестік. Бұдан бөлек, өзін мазалап жүрген мәселелер «Мән бер» жобасында қозғалғанын айтып, хабарласқан адамдар бар. Ал біз үшін топпен жұмыс істеу, сұхбат алу, комикс салу машықтарын қалыптастыру тұрғысынан үлкен тәжірибе мектебі болды. Сондай-ақ, жоба барысында индивидтің қоғамдағы рөлін, қоғамның индивидке ықпалын, әсерін тереңірек түсіндік. Қазақ тілінде контент тұтынатын аудиторияға «Мән бер» жобасы қажет. Неліктен? Өйткені, қоғамда жеке шекара, ыңғайсыз сұрақтарға жете мән беріп қарамайтынына көзіміз жетті. «Мән бер» жобасы өміршең болуы тиіс. Жобамыздың дамуына қаржылай, жан-жақты қолдау, демеу болса, жалғастыруды қолға аламыз, — дейді жоба жетекшісі Жадыра Жанарбек.

***

Айтпақшы, 2022 жылдың басында «Шағын грант. Қысқы маусым» және «DOC формат» байқауларына өтініш қабылданады. Internews ұйымы 2021-2022 жылдары контент өндірісін қалай қолдайтынын мына мақаладан білесіз. Internews in Kazakhstan Facebook-парақшамыз бен Instagram-парақшамыздағы және сайтымыздағы хабарландыруларды қарай жүріңіз.

Бұл жоба АҚШ Халықаралық даму агенттігінің (USAID) қолдауымен Internews жүзеге асыратын MediaCAMP — Орталық Азия бағдарламасы аясында жүзеге асады.

ПОХОЖИЕ МАТЕРИАЛЫ

spot_img

Популярные статьи