Oibaq медиажобасы қазақ фильмдеріндегі әйел образын кемсітуді талдайды

0
1195
Oibaq жобасының посттарынан коллаж

Жоба авторы Жәнібек Әмре «Әйелдерге зорлық-зомбылық жасау — әйелді ер адамға қосымша ретінде көрсетуден туындаған трагедия» екенін айтады.

Ол Oibaq жобасында «Келінжан» телесериалындағы Male Gaze («еркектік көзқарас»), «Маған назар аудар» фильміндегі мизогиния мен патриархал түсініктер, «Миллион» командасының «Ram» компаниясына арнап түсірген жарнама ролигіндегі әйелге зорлық-зомбылық, «Әкім» фильміндегі ауыл адамдарын алалау мен кемсітуді талдап,  мұның барлығы қандай таптаурын түсініктерді қалыптастырып, таратып жатқанына назар аударды.

Еуропалық Одақтың қаржылай қолдауымен Internews жүзеге асыратын REVIVE жобасы аясында ұйымдастырылған #IdeaCamp2023 жастар лагерінде шағын грант жеңіп алған Oibaq жобасының авторы Жәнібек Әмре әйелдерді сексуал объект ретінде көрсеткен фильмдерді талдап, ауыл тұрғындарына таңылатын стереотиптерді бұзуды мақсат еткен. Олар жобаны Instagram мен TikTok әлеуметтік желілерінде жүзеге асырды.

Жәнібек Әмре, Oibaq жобасының авторы / #IdeaCamp2023 жастар лагері. Алматы / 30.04.2023

— «Oibaq» жобасы — фильмдердегі әйелдер мен ауыл тұрғындарының образын таразылап, оларға қатысты таптаурынды көрсететін призма сыйлайтын жоба. Әйел бейнесін «еркектік көзқарас» арқылы ғана көрсетіп, қыздарды сексуал обьект ретінде ғана танытатын отандық фильмдер — осы уақыттағы басты проблеманың бірі. Комедия жанрында түсірілген қазақ тіліндегі фильмдерде ауыл тұрғындарына қатысты дискриминация мен таптаурындардың да көп екенін байқаймыз. Ауыл тұрғындарына жасалатын дискриминацияны саралап, әйелдерді сексуалдық обьект ретінде көрсеткен фильмдерді талдау арқылы дискриминация мен сексизм проблемаларын шешкім келді, — дейді Жәнібек Әмре.

 

View this post on Instagram

 

A post shared by Oibaq | Ойбақ (@oibaq_)

Мәселен, Oibaq жобасында «Male Gaze» ұғымының мән-мағынасын «Келінжан» телехикаясы арқылы түсіндіріп, ұғымға толымды анықтама берген.

— Сериалда көп адам байқай бермесе де үлкен сұрақ туындататын эпизодтар жетерлік. Мысалы, аттан құлап аяғын жарақаттаған Мәдібек деген кейіпкер емханада медбикенің денесіне көз салып, оның теріс қараған сәтінде артқы жағынан үңіле қарауға тырысады. Ал бұл — әйелді сексуал объект ретінде көрсету. Тағы бір эпизодта Қылышбек деген кейіпкер орындыққа қысылып қалған мектеп директорына көмектеседі. Осы кадрде тоңқайған мектеп директорына көп басымдық береді. «Еркектік көзқарас» арқылы түсірілген фильмдерде әйелдің тәні доминация жасап, ой-пікірі мен жеке сезімдері тасада қалады, — деп жазады.

Oibaq талдаған тағы бір танымал фильм — «Маған назар аудар» деген трагикомедия.

Бұл — жолы болмай жүрген жазушы жігіт туралы фильм. Ол әйелінен шаршап ұйықтаған сәтте қызық түстер көреді. Түсінде өзге қызға ғашық боп, бақытты өмір сүреді. Мұның аяқталмағанын қалайтын ол ұйқысын ұзартуға тырысады.

 

View this post on Instagram

 

A post shared by Oibaq | Ойбақ (@oibaq_)

«»Маған назар аудар» фильмі әйелдің қадір-қасиетін түсіндіруге тырысса да, туынды мизогиния мен патриархал түсініктерге толы» деген жоба авторлары фильмінің алғашқы 5 минутындағы мизогиния мен патриархал түсініктерді талдайды.

— Содан кейін постымызға фильмнің продюсері Ақболат Өтебай пікірін білдірді. Ол «Ол шамам жеткенше оқыдым. Ерлерге әйелге керегі внимание екенін түсіндіргіміз келді» деді. Біз ол кісіге әйелді құрал ретінде пайдалану дұрыс емес екенін түсіндіріп, «Автор өлімі» туралы да ақпарат бердік. Фильм продюсерінің пікір жазуы жақсы жетістік деп ойлаймын. Проблемаға назар аударта алғанымызға өте қуаныштымын. Осы жазбада адамдардың пікірі де екіге бөлінді. Бір жақ фильмнің жақсы екенін айтса, бір жақ фильмнің сәт шыққанын жеткізді, — деді Жәнібек Әмре.

Oibaq жобасы фильмдерді ғана емес, әлеуметтік желілерде боп жатқан оқиғаларды талдаған екен. Мысалы, «Миллион» командасының «Ram.kz» жиһаз компаниясына түсірген жарнамасы желіде қызу талқыланды. Жарнамада ер адам қызды ұрлап, қарсыласқаны үшін ұрады.

 

View this post on Instagram

 

A post shared by Oibaq | Ойбақ (@oibaq_)

 — Жарнама ролигі шыққан кезде Роза Әшірбаева пікір білдіріп, зорлық-зомбылықтың қылмыс екенін айтты. «Миллион» — әзілкештер командасы. Танымал уебсериал түсірген. Осы сәтте Роза Әшірбаева «Oibaq» парақшасын белгілеп, проблемаға үн қосуды сұрады. Ол кісі жобаны нақты қалай тапқанын білмеймін. Перизат Мырзахметтің сторисінен соң тіркелген болуы мүмкін. Біз «Бейнеролик қалай таптаурын қалыптастырады?» деген жазба жарияладық. Жаңадан ашылған жобаға танымал адамның сенім артуы бізге үлкен жетістік болды. Осы жазбаға оқырман реакциясы көбейді. Парақшаға тағы 50 адам тіркелді. Жазбаны Роза Әшібаева да жылы қабылдап, «Үнсіз қалмағандарыңыз үшін көп рахмет» деген пікір қалдырды. Ал, Миллион командасы мен «Ram.kz» компаниясы инстаграм парақшадағы жарнаманы өшіріп тастады.

Ал «Нұртас Адамбайдың «Әкім» фильміндегі таптаурындар мен кемсітушіліктер» деген постта авторлар ауыл тұрғындарын төмен тап ретінде және қазақ тілінде сөйлейтін адамдарды сауатсыз қылып көрсетудің қате екенін айтып, фильмнен үзінді келтіре отырып, талдайды.

 

View this post on Instagram

 

A post shared by Oibaq | Ойбақ (@oibaq_)

Oibaq жобасы шағын грант қолдауы аясында барлығы 9 пост жариялады. Жоғарыда аталған фильмдер мен видеодан бөлек, Нұрлан Қоянбаевтың фильмдеріндегі әйел тәніне басымдық беру арқылы көрермен назарына ие болудың дұрыс емес екенін айтты. Кино тілі дегеніміз не, фәтшеймиң («артық салмағы» бар адамдарды дене бітіміне байланысты кемсіту), скопофилия (жалаңаш адамды сығалап, жыныстық ләззат алу) ұғымдарын қазақ киносынан мысал келтіре отырып түсіндірді.

— «Фәтшеймиң деген не?» деген жазба жарияланған сәтте пікірге бір оқырман «Өзіме жақын осы тақырып. Фәтшеймиңді бастап өткеріп жатқанды енді түсіндім» деген пікір қалдырды. Осы пікірден соң оқырманмен тілдескен сәтте «артық салмаққа» байланысты алалау көргенін білдік. Біздің жазбамыз арқылы ол «артық салмақтың» норма екенін, қоғам қалыптастырған стандарттардың ешқандай да маңызы жоқ екенін түсінді, — дейді Жәнібек.

 

View this post on Instagram

 

A post shared by Oibaq | Ойбақ (@oibaq_)

 Жобаның контентіне байланысты қоғамдық пікір көшбасшылары мен танымал адамдардан мақтау да, сын да айтылған екен.

— «Мизогиния деген не? Әйел мизогин болуы мүмкін бе?» деген жазбаға Перизат Мырзахмет «Жазбалары қызық екен. Біраз отандық өнімге сын айтылған» деп баға берді. Негізінен жоба атауы «Oibaq.bro» еді. Фембике Әйгерім Құсайынқызы «Bro» сөзінен түрмеден енген түсінік екенін түсіндірген соң, бұл сөзден бас тарттым. Негізі жобаның дамуына ең үлкен көмек — коллаб болды. «Jel.media»-ға ұсынысты өзім тастадым. Осы жобаның мақсаты мен миссиясы менің жобама ұқсас болғандын осы жас медианы таңдадым. Ол тарап ұсынысымды қуана қабыл алды.

Жәнібек Ұлықбекұлы Әмре 20 жаста. ҚазҰУ-діңжурналистика факультетінде оқиды. Жоба оның өзін де дамытыпты.

— Жазбаны толықтай өзім жасап, дизайн істедім. Жалғыз жұмыс істеудің артықшылығы да, кемшілігі де бар екен. Мысалы, жалғыз жұмыс істегенде ерекше қарқынмен істейтінімді байқадым. Энергиямды жұмысқа ғана жұмсайтынымды түсіндім. Жалғыз жұмыс істеген соң фильмді көріп мәтін жазу да, дизайн жасау да, әлеуметтік желілерге жүктеу де менің мойнымда болды. Кейде үлгермеген, кейде идея таусылған сәттер болды. Жалпы жетістігіміз жақсы. Әуелде 100 ғана оқырманмен басталған жобаның қазір тұрақты 800 оқырманы бар. Танымал тұлғалар мен қоғамдық пікірдің көшбасшылары да біздің жобаның тұрақты оқырманы. Жобаны жасау барысында өндіретін контенттің сапасын жақсарта алдым. Дизайн тұрғысынан да, мәтін жазу тұрғысынан да дамыдым. Контент сапасын жақсартуға менторлардың кеңесі көмектесті. Тұрақтылықтың маңызды екенін, өзім зерделеп жүрген тақырыптың қаншалықты ауқымды екенін түсіндім. Осы тақырыптарға бұрын тереңдей алмасам, жобаны жүзеге асыру барысында тереңдеуге тырыстым. Критикалық ойлауым да жеткілікті деңгейде дамыған секілді. Аудиториямен жұмыс істеуді де үйрендім. Жалпы осы жоба арқылы өскенімді байқадым.

Жәнібек Әмре, Oibaq жобасының авторы / #IdeaCamp2023 жастар лагері. Алматы / 30.04.2023

Ол алдағы уақытта Oibaq жобасын жалғастырып, қауымдастық құрғысы келеді.

«Өйткені, «Отандық фильмдердегі қазақ әйелінің бейнесі» дегеніміз — өте ауқымды, өте терең тақырып. Жоба аяқталған соң «талқылауым керек фильмнің» көп екенін түсіндім. Әйелді үй қызметшісі ретінде репрезентациялау, дискриминациялау мен ойлағаннан да көп екен. Соңғы уақытта болған зорлық-зомбылық деген сияқты сұмдық оқиғаларға фильмдегі әйел бейнесінің белгілі бір деңгейде өз әсері бар. «Соңғы болған трагедиялар әйелді жеке болмыс ретінде емес, ер адамға қосымша ретінде көрсетуден туындаған трагедиялар” деген ой түйдім».

Oibaq жобасы Еуропалық Одақтың қаржылай қолдауымен «Серпінді орта қалыптастыру жолында әртүрлі ақпаратпен әрекеттесу және орнықтылық» (REVIVE) жобасы аясында жасалды. Фильмнің мазмұнына тек жоба командасы жауапты және Еуропалық Одақ пен Internews көзқарасын білдіруі міндетті емес.