Гранттар«Ірі грант»: Internews контент өндірісіне гранттар байқауын жариялады

«Ірі грант»: Internews контент өндірісіне гранттар байқауын жариялады

Қазақстандағы Internews өкілдігі «Ірі грант» байқауын жариялады. Бұл байқауда контент өндірісіне идеялар бойынша өтініштер қабылданады. Өтініш қабылдаудың соңғы күні – 18 желтоқсан, 2020 жыл.

Байқау циклді, жүйелі, тұрақты, ұзақмерзімді мәнге ие, ірі жобаларға арналған.

Бұған қандай жобалар жатады?

Мәселен:

  • әлеуметтік желілердегі медиа немесе жұмыс істеп тұрған медиа ішінен арнайы айдар, телебағдарлама ашу;
  • өте маңызды мәселе бойынша циклді материалдар жасау (форматтары, жанрлары, тақырыптары алуан түрлі болуы мүмкін)
  • деректі фильм (арнайы репортажбен шатастыруға болмайды).

Жоғарыдағы мысалдардан бөлек өз нұсқаңызды да ұсына аласыз.

Мұндай жоба қанша уақытқа созылады?

6 айдан 12 айға дейін жалғасады, бірақ жоба 2021 жылдың соңында аяқталуы керек.

Кімдер қатыса алады?

Жақсы идеясы, өндіріс базасы, тәжірибесі бар Қазақстан командаларынан өтініш қабылданды. Командалар үлкен аудиторияны қамтып, ұзақмерзімді тұрақтылыққа бағытталған жобасы болуы шарт.

Мемлекеттік емес медиа, онлайн-басылымдар, онлайн нұсқасы бар газет-журналдар, продакшен-студиялар немесе тәуелсіз авторлар командасы (журналистер, блогерлер) қатыса алады. Әсіресе, телекомпаниялар мен кәсіби кинодокументалистер осы байқауға ерекше назар аударса болады.

Өтініш берушілер Қазақстан Республикасында тіркелген заңды тұлға (ЖШС, ЖК, қоғамдық қор немесе тағы басқа форма) немесе ұйымы болуы міндетті.

Жұмыс істеп тұрған кәсіби медиа және авторларды қаржыландыру көзделгенін ескеріңіз. Жұмысын енді бастаған командаларға (жобаны жүзеге асыру бойынша бір жылдық тәжірибесі жоқ) «Шағын грант» байқауына қатысуды ұсынамыз.

Internews 2020-2021 жылдары контент өндірісін қалай қолдайтыны туралы мына мақаладан оқып, білесіз.

«Ірі грант» аясында еларалық жобаларды (Қазақстан және/немесе Тәжікстан, және/немесе Өзбекстандағы авторлардың бірлесіп, контент жасауы) қолдау мүмкіндігі бар. Егер аймақтық жоба немесе осы аталған екі елге арналған жоба идеяңыз болса, өтініш жібермес бұрын мына поштаға жазуыңызды өтінеміз: Central-Asia-Applications@internews.org.

Контент қай тілде болуы керек?

Қазақ және/немесе орыс тілдерінде.

Командалар жобаны жүзеге асыруға қанша қаржы сұрай алады?

Бір жоба 4 миллион теңгеден 13 миллион теңгеге дейінгі аралықта бола алады. Сұралатын бюджет сомасы ақылға қонымды, әрбір шығыны негізделген, ұлттық валютада көрсетілуі керек. Бюджетке техникалық базаңызды толықтырар (егер бұл өзін-өзі ақтайтын болса) лицензиялы бағдарламалар, техника мен жабдықтар алуды (байқауға өтініш жіберушілерде мұның барлығы бар деп ойлаймыз), бұдан бөлек менторлар немесе консультанттар қызметін қосуға болады .

Қалай іріктейді?

«Ірі грант» байқауы үш кезеңнен тұрады:

1 тур – идея ұсыну

Тақырыпқа шектеу жоқ, бірақ идеяның әлеуметтік бағдары маңызды. Шабытыңызға ерік беріңіз, ойлап табыңыз, армандаңыз! Мазмұны мен форматы қызықты әрі шабыттандырар ұсыныстар күтеміз.

Өтініш үлгісін (файлды жүктеп алыңыз) толтырыңыз. Идеяңызды егжей-тегжейлі жазыңыз, мақсатты аудиторияңызды, оны тарту, қатыстыру механизмдерін, контент-жоспарыңызды және әрі қарай жұмысты жалғастырар тұрақтылық бойынша жоспарды жазыңыз. Бюджетін де (файлды жүктеп алыңыз) қосып тіркеңіз. Толтырылған өтініш пен бюджетті Central-Asia-Applications@internews.org эл.поштасына жіберіңіз. Хат тақырыбына «Ірі грант» деп көрсетіңіз.

Бір команда байқауға бірнеше идея ұсына алады. Әр жобаға жеке-жеке өтініш пен бюджет толтыру керек.

Ескерту: Өтініш пен бюджетті жібермес бұрын файл атауына жобаңыздың не медиаңыздың атауына өзгертіңіз. Application Form және Budget деп аталатын ондаған бірдей файл алсақ, шатасуымыз мүмкін. 

Өтініш қабылдаудың соңғы күні – 18 желтоқсан, 2020 жыл.

Қарашаның соңында потенциалды өтініш берушілермен онлайн-кездесу өткіземіз. «Ірі грант» бойынша сұрақтарыңызға жауап береміз.

2 тур — іріктеу

Идеяңызды қазылар қарайды. Қазылар құрамына тәуелсіз медиасарапшылар мен Internews қызметкерлері енеді. Содан кейін үздік жобалар іріктеледі. Іріктеу критерийлері:

  • идеяның ерекшелігі;
  • таңдалған форматы (ойға қонымды, қызықты, онлайн-жоба болса, онда мультимедиа құралдарымен интеграциялануы);
  • аудиториясын түсінуі және оны оны қатыстыру құралдарын білуі;
  • команданың жобаны орындай алуы;
  • тұрақтылық стратегиясы;
  • ақылға қонымды бюджет;

Қаржыландыру бойынша ақырғы шешімді байқау комиссиясы шығарады.

Байқау жеңімпаздары жыл соңына дейін іріктеледі.

3 тур — жобаны жетілдіру және грант беру

Жеңімпаздар тізімін жариялағаннан кейін жобаны жетілдіруге, ақырғы бюджетін жасап, қаржыландыру құжаттарын дайындауға тағы бір апта уақыт беріледі.

Ескерту: бұл байқауда жобаны ауызша таныстыру болмайды, сондықтан өтініш пен бюджетті мұқият толтыруыңызды өтінеміз.

Қандай идеялар қолдауға ие болмайды?

Internews сайт жасау және сайттарды таныту, көркем фильмдер, сериалдар, әлеуметтік роликтер мен музыкалық клиптер өндірісін қолдамайды. «Ірі грант» байқауы аясында институционалды қолдаулар (офис жалдау және тағы басқа сол сияқты шығындар) көрсетпейді.

Internews неліктен контент өндірісін қолдайды?

Қазақстандық медиа қоғам өмірінің өте өзекті әрі күрделі қырлары жайында түрлі ресурста, әралуан форматта, заманауи технологияларды қолданып, аудиторияны қатыстыра отырып кәсіби тұрғыдан әңгімелегенін қалаймыз.

Байқау мақсаты – сапалы телебағдарламалар, арнайы репортаждар, деректі фильмдер, лонгридтер, әлеуметтік желідегі жобалар, үнхабарлар (подкастілер), уеб-доктар, уеб-сериалдар, мультимедиалы хикаялар, журналистік зерттеулер және тағы басқа форматтағы контент өндірісін қолдау.

Бұған дейін Internews қолдауына ие болған жобалар туралы қайдан білуге болады?

2020 жылы Қазақстанда осындай идеялар байқауында қазақ және орыс тілдеріндегі 15 жоба Internews қолдауына ие болды. 1064 материал жариялап, сегіз миллиондай қаралым жинады. Серіктестерімізді және олардың жетістігін мақтан тұтамыз.

Солардың бірі – «Сүйрік» жобасы. Айсұлтан Жақыповтың «Сүйрік» медиа жобасы қазақтың танымында ер адам ғана айналасады деген спорт түрлерімен айналысатын қыз-келіншектердің оқиғасын баяндайды. Автор осы уақытқа дейін төрт видеоролик жариялады. Instagram-дағы парақшасында аудториясы мен  YouTube арнасындағы аудиториясы екі түрлі пікірталасты бастап жатыр. Бұл жоба қазақ қоғамындағы қыз баланың орны, армандары мен болашағы деген тақырыпқа басқа қырынан қарауға мүмкіндік берді. Жаңадан басталған жобаның Instagram-парақшасында 2000-нан аса оқырманы болғанымен,  «Көкпаршы келіншек» жайлы видеосы 100-мыңнан үстінде қаралым жинап отыр. 

Тағы бір жоба – Balmuzdaq Plus. Жыл өткен сайын ауылдық жерден үлкен қалаға білім іздеп келген жастардың легі көбейіп жатыр. Көпшілігі оқу бітірген соң да қалада қалып, болашақ өмірін қалада өткізгісі келеді. Дегенмен ішкі дүниесі түп-тамыры ауылдан ажырағысы келмегендіктен, қала өмірінде талай қайшылықтарға ұшырасады. Жаңадан қала өмірін танып жатқан студент-жастарға арналған Balmuzdaq Plus жобасы жастар санасындағы осындай стереотиптердің түрлерін, себептерін, ерекшеліктерін түсіндіреді. Youtube арнасындағы видоларымен қатар, Instagram парақшасындағы жастарға арналған психологиялық, қаржылық кеңестері де көпшілікке ұнады. Жоба авторларының өздері де 2-3 курс студенттері болғанымен айналасына медиаға қызығатын жастар тобын топтастыра алды.

Қазақ тіліндегі Internews грантымен жүзеге асып жатқан жобаларды әлеуметтік желілерден #MediaCAMP және #InternewsKZ ілмектері арқылы таба аласыз. 

Қандай да бір нақтылайтын сұрағыңыз болса, Central-Asia-Applications@internews.org эл.поштасына хат жазыңыз. Хат тақырыбына «Ірі грант» байқауы бойынша сұрақ» немесе «Еларалық жоба бойынша сұрақ» деп көрсетіңіз.

Жоба АҚШ Халықаралық даму агенттігінің (USAID) қолдауымен Орталық Азиядағы MediaCAMP бағдарламасы аясында жүзеге аспақ.

ПОХОЖИЕ МАТЕРИАЛЫ

spot_img

Популярные статьи