Орталық Азияда Қазақстан мен Тәжікстанның барлық өңірінен 90-нан астам журналист жұмыс істейтін онлайн-редакция бар екенін білесіз бе? Әріптестер күнде таңертең бір-бірімен былай сәлемдеседі:
— Бүгін Памирде қар жауды, міне, фотосуреті!
— Ал бізде, Қазақстанның солтүстігінде қар әлі ерімеді!
Қостанай, Петропавл, Орал, Ақтөбе, Семей, Атырау, Шалқар, Сергеевка, Новопокровка, Душанбе, Хорог, Худжанд, Бохтар, Мастчох ауданы, Ворух, Спитамен. Осынау ірі не шағын қалалар мен аудандардың кейбірін тіпті сол аймақтағылар да біле бермейді.
Әр қалада, ауылда, елдімекенде ұқсас оқиғалар да, бір-біріне мүлдем ұқсамайтын хикаялар да бар. Мұның барлығын Қазақстан мен Тәжікстандағы 11 медиада Internews азаматтық журналистері хабарлап отырады. Биыл «Азаматтық журналистер» жобасы үшінші рет өтіп жатыр. Іріктеуден өткен медиа алты ай Internews-тің қаржылай және сарапшылар қолдауына ие болады.
Әр медиа сұранысы, тәжірибесі мен жоба тәлімгерлерінің кеңесіне қарай отырып, азаматтық журналистерді жинайды. Басты шарты — қатысушылар кәсіби журналист болмауы керек.
Апта сайын азаматтық журналистерге тәлімгерлер сабақ өтеді: журналистің негізгі машықтарын, этика мәселелерін, материалдар дайындау, смартфонға фотовидео түсіру және тағы басқасын үйретеді. Апта сайын аймақтардағы қызық та өзекті тақырыптарды талқылайтын онлайн-жиналыстар, онлайн-әңгімелесулер болады. Журналистер жұмыс барысындағы қызықтары мен қиындықтарды бөліседі, бір-біріне қолдау білдіреді.
Соныен команда құрып, ерекше әрі сапалы материалдар жасауға бола ма екен? Редакторлар бір ауыздан «Иә» деп жауап береді.
Альмира Әлішбаева, «Диапазон», Қазақстан:
— Қатысушылардың жасы мен білімі маңызды емес, белсенді азаматтық ұстанымы, күнделікті өмірден қызық жаңалықтарды көре білуі, шығармашылық қарым-қабілетіне мән беретінімізді айттық. Іріктеуден өткен авторлардың қатарында екі оқушы, студент, ауыл клубын басқаратын зейнеткер, шалғай аудандағы банк кеңесшісі бар. Бұл газет бетін толтыруға көп көмек. Азаматтық журналистердің боп жатқан жағдайға көзқарасы да бөлек.
Айналасындағы жағдайға бей-жай қарамайды, әлемді жақсартқысы келеді. Мұның барлығы да Internews азаматтық журналистерін біріктіретін негізгі қасиеттер болса керек.
Тәжікстанда да әлемді өзгерткісі келетіндер бар. Мысалы, елдің солтүстігі — Соғды облысында «Манъавиат» атты шағын басылым бар. Өзбек тілінде контент дайындайды, өйткені Соғды аймағында 300 мыңнан астам этиникалық өзбек тұрады. Олар тәжік тілімен қатар ана тілі — өзбек тілінде де сөйлеп-жазады. 2012 жылы аз аудиторияға арнап «Манъавиат» басылымы ашылды. Бұл басылым биылдан бастап Internews-тің «Азаматтық журналистер» жобасының серіктесіне айналды.
— Әлемді өзгерткісі келетін жастарды жинадық. Редакциямыздың журналистері егде жастағы адамдар болатын. Үлкендер барлық сұрақтың жауабын біледі, ал жастар жауабын іздеп жүр. Азаматтық журналистеріміздің көбі — студенттер, тіпті 11 сынып оқушысы да бар. Олар батыл тақырыптар ұсынады. Редакциямыздың буырқанған қаны іспеттес,-дейді «Манъавиат» командасының тәлімгері Озод Мелибоев.
Жоба серіктестерінің бірі — «СугдНьюс» басылымында да жастар жұмыс істейді. Мысалы, Рухшона Юнусова — 10 сынып оқушысы, БАҚ бетінде алғаш рет материалдары жарияланды. Өзі де қызық тақырыптар ұсынады.
— Алғашқы мақалам шықты. Туризм саласы пандемиядан қандай зиян шеккенін жаздым. Қазір Тәжікстандағы тау қызғалдақтары тақырыбында мақала дайындап жатырмын. Бұл қызғалдақтар жойылып барады. Қызыл кітапқа енгізілсе де жойып жатыр,-дейді Рухшона.
Азаматтық журналистер мессенджерлерде қауымдастық құрып, бұған дейін жауапты мекемелер назар аудармай келген мәселелерді шешуге көмектеседі.
Әсел, Петропавловск news азаматтық журналисі:
— Жергілікті чатқа: «Ауданымыздың құрметті тұрғындары! Менің атым — Әсел. Петропавловск news аймақтық ақпарат порталының азаматтық журналисімін. Бәріңізді серіктестікке шақырамын. Ауылыңызда БАҚ-та жариялағыңыз келетін проблема не оқиға болса, маған хабарлаңыз. Әрдайым қуаныштымын. Егер мәселені жария айтудан қорықсаңыз, қысым жасайды, деп ойласаңыз, онда сіз туралы мәлімет құпия сақталатынына кепілдік беремін. Әйтсе де әрбір ақпаратты тексеретінімізді ұмытпаңыз!» деп жазып, жаңа құрған тобымның сілтемесін бердім. Бір тәулікте 100 адам жиналды. Ертеңіне прокурор мен тағы басқа ұйымдардан шенеуніктер қосылды. Әсері дереу байқалды.
Азаматтық журналистер тұтас аймақтың проблемасын айтады. Мәселен, Солтүстік Қазақстандағы жолдар жағдайын жазды.
Не болмаса, Рудный қаласындағы құбырлар мәселесін қозғайды. Шенеуніктердің уәдесі орындалуын қадағалап отырады. Айналадағы оң өзгерістерді де көре біледі. Қайталанбас, тың, қызық материалдар дайындайды. Мысалы, 13 азаматтық журналист Қазақстанның солтүстігіндегі ауылдардың бір күнін көрсетті.
Қала сыртына қатынайтын таксилердің жолақысын қымбаттатуын, Тәжікстанның шалғай өңірлерінде электр қуатын пайдалануға шектеу енгізілгенін де жазып, өзекті мәселелер көтереді.
Бейтаныс адамның қиын ахуалынан сырт айналмай, көмек қолын созады. Мәселен, шалғайдағы Шалқар ауданында тұратын Салтанат Ерұзақова қалашықтағы қарттар үйіне қоныстанған адамдардың жағдайынан хабардар етті. Мұндай орталық бар екенін ешкім білмеген. Міне, содан кейін редакцияға туған-туысын іздеген адамдар хабарласа бастады. «Диапазон» газетінің Instagram аккаунтына көп адам комментарий жазып, азаматтық журналистке алғыс айтты. Наурызда басталған жобаның жемісті жұмысы жетерлік.
Дмитрий Ким, жоба тәлімгері, медиасарашы, медиатренер:
— Азаматтық журналистеріміздің жұмысы бізді шабыттандырады. Олар белсенді комьюнити құрып, қазір соны дамытып жатыр. Тұтас редакция бірнеше ай атқаратын жұмысты азаматтық репортерлеріміз бірнеше күнде істейді. Олардың журналистикаға қызығушылығы, хикаяларды жазуға ынтызарлығы, әлемді жақсы жағына өзгертуге ұмтылысы- ғаламат күш. Орталық Азияда кәсіп дамуының, бәлкім, тұтас қоғамдағы жалпылама жаңа бетбұрыс болса керек.
«Азаматтық журналистер» жобасы Қазақстан мен Тәжікстандағы медиа және қоғамдық ұйымдармен серіктестік, өзара қарым-қатынас орнатуға әрдайым дайын. Егер жоба тәжірибесіне қызықсаңыз, не қатысқыңыз келсе, asukhachyova@internews.org эл.поштасына хат жазыңыз.
Жоба АҚШ Халықаралық даму агенттігінің (USAID) қолдауымен MediaCAMP — Орталық Азия бағдарламасы аясында жүзеге асады.