ОқиғаларҚазақстанда тұңғыш ұйымдастырылған медиасауат фестивалдері қалай өтіп жатыр?

Қазақстанда тұңғыш ұйымдастырылған медиасауат фестивалдері қалай өтіп жатыр?

2021 жылдың сәуір-шілдесінде Қазақстанның 12 аймағында алғаш рет қазақ және орыс тілдерінде медиасауат фестивалі өтіп жатыр. Биылғы фестиваль аралас форматта, яғни негізгі бағдарламасы — онлайн, ал зейнеткерлерді оқыту-үйрету офлайнда өтеді. Фестивалді үш адам — медиатренерлер Евгений Хабаров (бес аймақта), Татьяна Голубцова (төрт аймақта) және Дариха Дюсебаева (үш аймақта) ұйымдастырады. Медиасауат фестивалін ұйымдастырушылардан мұндай іс-шараны ұйымдастырудың ерекшелігін сұрадық.

Евгений Хабаров, медиатренер:

«Ауылдан қатысушылар мен зейнеткерлер қала тұрғындарынан гөрі белсенді»

— Тараз және Өскеменде екі фестиваль өткіздік, тағы үш фестиваль бар. Фестивалдер онлайнда екі күн өтеді. Қарт адамдарға арналған кездесулер, яғни офлайн да болады. Онлайн кезінде ақпарат іздеп табуды, ал офлайн кездесуде қарттарға гаджет қолдануды үйретеміз. Зейнеткерлерге өте қызық. Ауылдан қатысушылар мен зейнеткерлер қала тұрғындарынан гөрі белсенді.

Үш ұйымдастырушы өзара аймақтарды бөліп алдық, бірақ жұмысымыз бір. Бәріміз кеңесіп, тәжірибемізді бөлісеміз. Мәселен, менің командам қазақ тілінде сессиялар өткізіп, орыс тіліне ілеспе аударма жасадық. Ал Татьяна мен Дариха қазақ және орыс тілдеріне арналған жеке-жеке «бөлмелер» ашты. Талдай келе, Татьяна мен Дариханың әдісі тиімді екенін түсіндік. Ілеспе аударма дегеніміз — қарым-қатынасқа қиын-ақ.

Спикерлеріміз әртүрлі, кейде ортақ спикерлер де болады. Мен өткізген фестивалдерде спикерлер Дана Зияшева мен Қарлыға Хасеннің сессиясы өте күшті болды. Аудитория жылы қабылдады. Жұртшылыққа медиасауаттылықты өнер, шығармашылық, кино арқылы жеткізсеңіз, сол қызық екен. Киносауат сессиясында қызу талқылау болды. Қазақстанда киносауат сессиясы алғаш болып жатыр. Фактчекинг және заңнама негіздері туралы сессиялар да аудиторияны қызықтырды.

40 белсенді қатысушыға медиасауат кітабын сыйладық. Кітапта сыни пайым, мәтін жазу және редакциялау машығы, цифрлы гигиена мен цифрлы этика туралы айтылған. Сыйлықтарымызды пошта арқылы жібердік,. Жеңімпаздарымыз кітапты алғанына қатты қуанып, кітап ұстап түскен фотосуреттерін жолдап, алғыс айтып жатыр.

Татьяна Голубцова, медиасауат тренері, «Выбирай. Астана. Караганда» журналының шығарушысы әрі бас редакторы:

«Мақсатымыз – медиасауат бойынша жергілікті қауымдастықтарды дамыту»

— Қызылорда және Оралда апталық фестивалдер өткіздік. Енді Атырау мен Ақтауда болады. «Заманауи медиа адам санасына қалай әсер етеді?», «Инфодемиядан қалай сақтануға болады?», «Фейктер дегеніміз не және бұл адамның шынайылықты қабылдауына қалай ықпал етеді?» және тағы басқа ұқсас тақырыптарды талқылаймыз. Коммерциялық медиада жұмыс істеп жүргенімде офлайн-іс шаралар ұйымдастыратынмын. Сол машығым медиасауат фестивалін ұйымдастыру барысында пайдасы тиді. Қиындық туындаса, тығырықтан шығар жолды бірге іздейміз.

Оралдағы тренинг спикер отырған қалалық кітапханада өтіп, тікелей трансляция жасалды. Офлайн тыңдаушылар келіп, онлайнға қосылғандар да болды. Онлайнға қатысуға 118 адам тіркелді. Ал офлайн-фестивалге 32 ардагер келді. Ең белсенді қатысушыларды соңына дейін қалуға ынталандыру үшін оларға сертификат береміз, деп шештік. Осы әдісті басқа да қалаларда қолданбақпыз. Қызылордада қазақ және орыс тілдеріндегі сессияларға барлығы 1000 адамдай кірді.

Мақсатымыз — медиасауат бойынша жергілікті қауымдастықтарды дамыту. Сондықтан да барлық қалада жергілікті спикерлер іздеп, табуға тырыстық. Оралда табу оңай болды, өйткені мұнда жергілікті беткеұстар медиа бар. Жергілікті қауымдастықтар құру — маңызды. Спикерлер медиасауат жөнінде сабақтар өте алады.

Селебретилеріміз — Дана Зияшева мен Бауыржан Шүкеновты шақырдық. Дана Голливудта Greatland фильмін түсірген. Бұл фильм медиасауат тақырыбына арналып, жалпы жұртшылық амандығы үшін деген желеумен белгілі бір пропаганда жүргізіліп, белгілі бір стереотиптерді таңатын тоталитар қоғамды көрсетеді. Кинорежиссер кино әлемнің ақпараттық келбетіне қалай ықпал ететінін айтып, кеңестік, америкалық, еуроаплық, үнді және қытай фильмдерін мысалға алып, манипуляция қалай жүргізілетін көрсетті. Бауыржан Шүкеновтың дәрісі Батырхан Шүкенов атындағы қоғамдық қор жұмысы, әншінің шығармашылығына авторлық құқық, әншінің өмірі туралы болды.

Дариха Дюсибаева, медиатренер, Лев Толстой атындағы Қостанай облыстық кітапханасының директоры:

«Қатысушылардың жанды реакциясы — офлайн форматтың үлкен артықшылығы»

— 2019 жылы Қостанай тұрғындарына арнап алғаш рет медиасауат офлайн-фестивалін өткіздім. Жергілікті журналистер мен психологтар тренер болды. Сол тренинг жұртшылықтың оң бағасын алды. Содан кейін Ақтөбе мен Петропавлде онлайн-фестивалдер өткіздік. Әр қаладағы қатысушылар саны да әртүрлі. Қос қалада да қызығушылар көп. Ақтөбеде 200 адам тренинг басынан соңына дейін отырды. Петропавлде 150-160 адам қатысты. Ақтөбеде қазақша топтар белсенділік танытса, Петропавлде орысша топтар белсендірек болды.

Фестиваль форматы аралас, яғни онлайн және офлайн өтеді. Әрқайсысының ерекшеліктері бар. Кері байланыс, қатысушылардың белсенді қатысуы — офлайн форматтың басты артықшылығы. Алайда онлайн мен офлайн бірін бірі толықтырады. Координаторлар шақырдық, олар аудиториямен жақсы жұмыс істеді, жарнамалап, аңдатпа жасап, құқық қорғау органдары мен мемлекеттік орган қызметкерлерін тарттық. Олардан жақсы пікір естідік. Сосын бізден жоғары сынып оқушыларына да онлайн-фестивалдер өткізуді өтінді.

Ақмола облысында онлайн-фестиваль өткіземіз. Тұрғындар хабарласып, үйлестіруші болып көмектесетінін айтып жатыр. Қазір фестиваль ашылуына кімді шақыратынымды ойланып жүрмін. Тәжірибемнен түсінгенім — жергілікті спикер болғаны маңызды. Көкшетау қаласы мен Ақмола облысынан болуы керек. Мәселен, Солтүстік Қазақстан облысындағы фестивалдің басты ерекшелігі — құқық бағытындағы сессиялардың спикері полиция департаментінің қызметкерлері болуында. Қатысушылар мұны жақсы бағалады. Қатысушыларды бақылай келе түсінгенім — мұндай фестивалдерді демалыс күндері емес, жұмыс күндері өткізу керек екен. Сонда адамдардың қатысуы да жоғары болады.

Бұл жоба Америка халқының көмегі арқасында АҚШ Халықаралық даму агенттігінің (USAID) қаржысымен Internews ұйымы іске асыратын MediaCAMP – Орталық Азия бағдарламасы аясында мүмкін болды.

ПОХОЖИЕ МАТЕРИАЛЫ

spot_img

Популярные статьи