Оқиғалар1,5 жылдағы алғашқы офлайн-тренинг! Зерттеу журналистикасы мектебі басталды

1,5 жылдағы алғашқы офлайн-тренинг! Зерттеу журналистикасы мектебі басталды

Қазақстандағы Internews өкілдігі MediaCAMP – Орталық Азия бағдарламасы аясында жыл сайын журналистер мен блогерлерге журналистиканың ең қызық жанры – зерттеу журналистикасын оқытады. Биылғы алты күндік тренинг 26 маусымда басталды, 1 шілдеге дейін жалғасады. Мықты зерттеуші-журналистер сабақ өтіп, тәжірибесін бөліседі.

фотосуретті түсірген: Алексей Ли

Зерттеу журналистикасы мектебінің бағдарламасында медиазаңнамалар, журналистік зерттеуге дайындық кезеңдері, ақпаратты жүйелеу, ақпарат көзімен жұмыс және оларды қорғау, ашық деректер ресурсы, фактчекинг және сторителлинг сияқты тақырыптар бар. Журналистер тренингте зерттеу журналистикасының кәсіби мамандарынан сабақ алып, машығын жетілдіріп, жоба кезінде ментор қолдауына ие болады. Ең қызық тақырыптар бойынша нұсқаулық «Жаңа репортер» сайтындағы «Оқып-үйрен» айдарында жарияланады.

фотосуретті түсірген: Алексей Ли

Орталық Азиядағы Internews өкілдігінің директоры Марат Бигалиев тренингтің ашылуында сөз сөйлеп, бұл бір жарым жыл ішіндегі алғашқы офлайн-тренинг екенін атап өтті.

— Әуелі бұл тренингті Орталық Азия деңгейінде өткізуді жоспарладық, алайда ковид күшеюіне байланысты Тәжікстан мен Өзбекстаннан қатысушылар келе алмады. Осы жанрға қызығушылық танытқандарыңызға рахмет. Зерттеу журналистикасы — өте қажет жанр. Күллі әлемде қарқынды дамып жатыр. Тәжірибелі сарапшылардың шақырылғаны тренинг сапасын көтеретініне сенемін.

фотосуретті түсірген: Алексей Ли

Тренингтің алғашқы күні қазақстандық медиазаңгер Гүлмира Біржанованың Қазақстан медиазаңнамалары жөнінде ашық сессиясы өтті. Құқықтық медиаорталық заңгері журналистің құқықтары мен міндеттері, жария ақпаратқа қол жеткізу құқығы, жеке өмірге қол сұғушылық жауапкершілігі, ақпарат көздерін қорғау туралы айтты. Ол Қазақстан билігінің блогерлерді журналистерге теңестіру талпынысына ерекше назар аударды. Блогерлер журналистерге теңестірілсе, барлық интернет — БАҚ-қа айналып, блогерлер жұмысы журналистік қызмет сияқты реттеледі.

фотосуретті түсірген: Алексей Ли

Журналистер спикерден қазақстандық кейстер жөнінде көбірек сұрады. Жұмыс барысында туындаған мәселелерін, кеңес беруін өтінді.

фотосуретті түсірген: Алексей Ли

Екінші сессияны сарапшы әрі журналистік зерттеу бойынша тренер Олег Хоменок өткізді. Оның дәрісі «Журналистік зерттеу дегеніміз не?» деп аталды. Украиналық медиатренер зерттеу журналистикасы жанрының ерекшелігі, журналистиканың басқа түрлерінен негізгі айырмашылықтары, зерттеудегі гипотеза туралы әңгімеледі. Журналистік зерттеуге мынадай анықтама берді: журналистік зерттеу дегеніміз — жеке тұлғалар не ұйымдар жасырып қалғысы келетін маңызды тақырыпқа негізделген журналистік материал. Журналистік зерттеу заң бұзу және заңдардың қате жақтары туралы да айтады.

фотосуретті түсірген: Алексей Ли

Үшінші дәрісті украиналық зерттеуші-журналист Мария Землянская оқыды. Ол журналистік зерттеуді жоспарлау, «кабинеттегі» және «даладағы» зерттеу жұмыстары туралы егжей-тегжейлі айтып берді. Ол жоспарлауға зерттеу жұмысының 70%-ы жұмсалатынын, әрбір журналистке жауапты саласын бөліп беру керек екенін атап өтті. Сабақ соңында өзекті кейстерді талдады. Тренинг қатысушылары жеке зерттеулерін де жоспарлады.

фотосуретті түсірген: Алексей Ли

Бұл жоба АҚШ Халықаралық даму агенттігінің (USAID) қолдауымен MediaCAMP – Орталық Азия бағдарламасы аясында жүзеге асырылып жатыр.

ПОХОЖИЕ МАТЕРИАЛЫ

spot_img

Популярные статьи